Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Шымкентте 1920 орындық төрт мектептің құрылысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкент қаласында 2025 жылға дейін 72 мектеп салу жоспарланған. Оның ішінде биыл 18 732 орынға арналған 32 мектеп құрылысы жүргізіліп (мемлекет - 12, жекеменшік - 20), жыл соңында 10 222 орынға арналған 20 мектеп пайдалануға тапсырылады. Мемлекет тарапынан 4 мектеп, жекеменшік 16 мектеп ел игілігіне беріледі.
Қалалық құрылыс басқармасымен салынып жатқан мектептерге келер болсақ, өткен жылдан өтпелі 1920 орындық төрт мектептің құрылысы жалғасып жатыр.
Атап айтар болсақ,Тұран шағын ауданында 1200 орындық мектептің құрылысы 2019 жылы басталған. Құрылыс жұмыстары толығымен шілде айында аяқталады деп жоспарлануда. Тоғыс тұрғын алабындағы №120 мектепке 300 орындық қосымша ғимарат салынуда. Сонымен қоса, Сайрам тұрғын алабындағы 300 оқушыға арналған қосымша мектептің құрылысы 2019 жылы басталған.
Аталған білім ошақтары жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, осы жылы құрылыс басқармасымен 8 мектептің құрылысы басталмақ. Атап айтқанда, 300 орындық №46, 47 және 375 орындық №38, 80 мектептер және 1100 орындық №8 мектептің сметалық құжаттамалары мемлекеттік сараптаманың оң нәтижесін алды. Бұл білім нысандарына 2021 жылға құрылыс-монтаж жұмыстарына қаржы қаралады деп күтілуде.
Сонымен қатар, 600 орындық №45, 65, 72 мектептердің және Оқушылар сарайының жобалары әзірленіп жатыр.