Шымкентте жол-құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр

0
697

Қазіргі таңда қаладағы асфальт жолдың жақсы және қанағаттанарлық үлесі 67,4 пайызды құрайды.


Шымкентте жол-құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр

Шымкент қаласында жол-құрылыс жұмыстары қарқын алған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазіргі таңда қаладағы асфальт жолдың жақсы және қанағаттанарлық үлесі 67,4 пайызды құрайды. Шаһарда жол инфрақұрылымын дамыту, жол сапасы мен көшедегі көлік қозғалысын реттеу – маңызды басым бағыттардың бірі. Шымкент – автокөліктің көбеюі бойынша елімізде көш бастап тұрған қалалардың бірі. Осыған орай, соңғы жылдары қалада жол құрылысы бұрын соңды болмаған қарқынмен дамып келеді.

Атап айтқанда, қазіргі уақытта Ташкент - Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары атқарылуда. Онда 31 шақырым, 8 кезең бойынша жол құрылыс жұмыстары жоспарланған. Бүгінде 1-ші және 3-ші кезеңінің құрылыс жұмыстары, Бадам өзенінен өтетін көпірдің құрылысы аяқталды. Биыл 2-ші және 4-ші кезеңді толығымен аяқтау жоспарланып отыр.

Одан бөлек, 16 шақырым «Оңтүстік айналма жолының» құрылысы қарқын алған. Аталған нысан Шымкент қаласы аумағымен қатынайтын транзиттік және басқа да автокөліктердің айналма жолмен қатынап, қала аумағындағы көлік кептелісін азайтуға және көлік қозғалысының қауіпсіздігіне септігін тигізбек. Оған қоса, жол бойында орналасқан елді мекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді деп күтілуде.

Сондай-ақ, қаланың оңтүстік бағыттағы жалғыз кірме-шығыс жолына жүктемені азайту мақсатында 15,5 шақырымдық Қонаев даңғылының жалғасы салынуда. Нысан 6 кезеңнен тұрады. Оған қоса, Шығыс айналма, Өтегенов, Адырбеков көшелері, Темірлан тас жолының бойында жолаушылар өткелін салу жұмыстары атқарылып жатыр. Сонымен бірге, Бәйдібек би-Арғынбеков көшелерінің қиылысында 3 деңгейлі жолайрықтың құрылысы қарқынды іске асырылуда. 15 мамыр күні халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында Арғынбеков көшесі ашылды. Жолайрық құрылысын биыл жыл соңына дейін толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.