Шымкентте жолдағы бетон қоршаудан асып өтетіндерге қарсы шара басталды

0
1 793

Тұрғындар жерасты өткелінің бар болғанына қарамастан жол бойындағы бетон қоршаулардан аттап өтеді


Шымкентте жолдағы бетон қоршаудан асып өтетіндерге қарсы шара басталды

ERNUR.KZ. Шымкентте жол бойындағы бетон қоршаулар ауыстырылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ Әл-Фараби ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі таңда Шымкент қаласы Төле би көшесі, «Қырғы» базар аумағындағы ретсіз сауда өзекті мәселелердің бірі және баяғыдан жібек жолының көк базары болуына байланысты күнделікті облыс бойынша 30 мыңға жуық адамдар келіп-кетуде. Бұған қоса, тұрғындар «Қырғы» базар алдындағы жер асты өткелінің бар болғанына қарамастан өз өмірлеріне қауіп төндіріп, жол бойындағы бетон қоршаулардан аттап өтеді. Бұл төтенше жағдайларға, оқыс оқиғаларға және жол кептелістеріне әкеп соқтыруда.

Осыған орай, Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес, қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін сақтау мақсатында Төле би көшесі, «Қырғы» базар аумағын абаттандыру, көгалдандыру және жол бойындағы бетон қоршауларды заманауи үлгіге сәйкес темір қоршауларға ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.

Бұл өз кезегінде қаламыздың дамуына, тазалығы мен әсемдігіне және тұрғындар мен қонақтардың қауіпсіздігіне, көлік кептелістерінің азаюына оң әсерін тигізетіні сөзсіз.