Шымкенттегі көп қабатты тұрғын үйлердің жағдайы қалай және қашан түзелмек?

0
1 676

Шымкент қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің тазалығы мен коммуналдық қызметінің сапасын арттыру жөнінде семинар өтті.


Шымкенттегі көп қабатты тұрғын үйлердің жағдайы қалай және қашан түзелмек?

иллюстрациялық фото

ERNUR.KZ. Шымкент қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің тазалығы мен коммуналдық қызметінің сапасын арттыру жөнінде семинар өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің халықтық кеңсесінде «Кондоминиум нысанын басқарудағы ұйымдастырушылық, құқықтық, қаржылық және энергия сақтау аспектілері, сонымен бірге көп пәтерлі тұрғын үйлерде интеллектуалды басқару жүйесін қолдану» тақырыбында ашық семинар өтті.

Семинарға үй басқарушылары қатысып, «Шымкент тұрғын үй қызмет» компаниясының жұмыс істеу жүйесімен танысты.

«Мен Спорттық мөлтекауданындағы №18 үй салынғаннан бастап үй басқарушысы болып келемін. Үйдің салынғанына 31 жыл болды. Тұрғындармен ақылдасып, сервистік қызмет көрсетушілермен келісімге тұрғанбыз, бірақ қызмет көрсету сапасы өте төмен. Үйде жертөле, жарық, ауызсуға байланысты әкімшілік тарапынан қарастырылған бақылау жоқ. Ал жекеменшік қызмет көрсетушілер заңға қарсы жұмыс істейді. Оларға бақылау жасайтын орындар да тұрғындарға мүлдем көмек көрсетпейді. Өзіміз жинап, қызмет үшін аударған ақшаның қайда кетіп жатқанын білмейміз. Әкімшілік осы мәселелердің шешімін табу жолдарын тездетіп қарастырса екен», - дейді Әбдімұғзаз Әбдіұлы.

Шымкент қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлердің 80 пайызға жуығы 80-90 жылдар аралығында салынған. Бұл үйлердің бірінің жертөлесінен жағымсыз иіс тараса, екіншісінің жарық немесе жылу басқару құрылғылары дұрыс жұмыс істемейді.

Осындай мәселелерге байланысты «Шымкент қаласының тұрақты дамуын үйлестіру» орталығының жетекшісі Әбдімәлік Балбаев:

«Біздің компания мемлекет салған үйлерде өз қызметін көрсетуді осы жылы бастады. Ол қызметтердің ішіне үйлердің тазалығын бақылау, жылу мен энергияны автоматтандырылған технологиялармен басқару және коммуналдық шығын, жөндеу жұмыстарына бөлінген ақшаның қалай жұмсалып жатқанын ғаламтор арқылы ұсыну кіреді. Сонымен қатар, келісімшартқа отырған үйлердің сапалы сақталуына жауап береміз. Бұл компания «Даму» қоры мен әкімшілікпен келісімшарт жасау арқылы жұмыс жасайды. «Шымкент тұрғын үй қызмет» халық мүддесін қорғау үшін құрылған», - дейді.

Айта кетейік, бүгінгі таңда аталған жүйе бойынша қаладағы бірнеше үйде қызмет жасалуда. Осы жылдың жоспары бойынша 4 ауданнан 21 үй «сапалы сақталу» принципіне көшетін болады.