Шымкенттегі велосипед желісін құру бойынша 5 жылдық стратегия таныстырылды

0
860

Стратегияны «Shymkent» ӘКК» АҚ мен «Velocity» қоғамдық қоры Copenhagenize Dezign Company қатысуымен бірге әзірлеген.


Шымкенттегі велосипед желісін құру бойынша 5 жылдық стратегия таныстырылды

Бүгін қала әкімі Ерлан Айтахановтың назарына Шымкент қаласының велосипед желісін құру және дамыту бойынша 5 жылдық стратегия ұсынылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкент қаласының басшысына жобаны Copenhagenize Design Co компаниясының бас директоры Мортен Кэйблл таныстырды. Жобаның негізгі мақсаты – қолайлы қала ортасын құру, жолдар мәселелерін жеңілдету, қала тұрғындарын салауатты өмір салтына тарту және туризмді дамыту.

Қалада бес кезеңнен тұратын велостратегияның 4 кезеңі аяқталған. Бұған дейін жасалған инфрақұрылымға бес жылдық жоспар бойынша 250 шақырым веложол салу жоспарланып отыр. Ал оның 50 шақырымын 2020 жылы аяқтау көзделуде.

Инвесторлардың айтуынша, аталған жоба жүзеге асса, бүгінгі таңда жұмыс істеп жатқан 40 велостанциядан бөлек тағы 50 станция құрылады.

Кездесу барысында велосипед желісін дамыту бойынша ұсынылған жобаға әкім өзінің бірқатар ұсыныстарын айтып, төрт жолақты көшелерді қысқартып, оны веложол жасауға қарсы екенін жеткізді. Себебі, халқы тығыз орналасқан мегаполисте көлік кептелісі жиі орын алатынын және тұрғындарға қолайсыздық тудыратынын атап өтті. Сондықтан шаһар басшысы бес жылдық жоспарда веложолды ең алдымен жасыл белдеу аумағынан бастап салуды ұсынды.

Одан бөлек, жиынды қорытындылаған Ерлан Қуанышұлы аталған велосипед стратегиясын қолдайтынын, жоба толығымен жүзеге асырылып және нәтижелі болу үшін арнайы жұмысшы топпен қайта қарауды ұсынды.

дереккөз: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі