Шымкенттік 60 оқушы республикалық олимпиадада жеңімпаз атанды

0
998

Халықаралық олимипиадалар бойынша 3 оқушы III дәрежелі дипломдармен марапатталған.


Шымкенттік 60 оқушы республикалық олимпиадада жеңімпаз атанды

иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден

2021-2022 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиададан 60 оқушы жеңімпаз атанып, алтын, күміс, қола медальдармен және I, II, III дәрежелі дипломдармен марапатталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы Білім басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қалалық білім басқармасының мәліметінше, халықаралық олимипиадалар бойынша 3 оқушы III дәрежелі дипломдармен марапатталған. Сондай-ақ, биылғы оқу жылында республикалық ғылыми жоба жарыстарға қатысқан шымкенттік оқушылардың 29-ы жеңімпаз атанды. Республикалық байқауларда 22 оқушы I, II, III дәрежелі дипломдармен марапатталды. Оның 1-і бас жүлде, 3-і – I орын , 3-і -II орын, 12- і – III орын, 3 номинацияға ие болды.

Жас буынды жан-жақты дамытуды көздейтін ұлттық деңгейдегі «Елбасы медалі» бағдарламасына қала бойынша 371 оқушы қола, 4 оқушы күміс медальмен марапатталды. Олар жеті бағыт бойынша тапсырма орындап, білім мен шеберліктерін жетілдірді. Спортпен шұғылдану, өнерге бет бұру, төл мұраны дәріптеу, қайырымдылық жасау мен кітап оқудан сынақ тапсырды.

Айта кету керек, 2021-2022 оқу жылында қаламыздағы 203 мектепте 242 525 оқушы білім алса, оның ішінде 11 сыныпта - 11 189 оқушы,9 сыныпта – 19 251 оқушы.

Сонымен қатар, Шымкент қаласының білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау жүйелері мен дабыл батырмалары толығымен орнатылып, Шымкент қаласы Полиция Департаментінің Жедел басқару орталығына интеграцияланған. Бұл жердегі Полиция Департаментінің жауапты инспекторлары мектептердегі қауіпсіздікті тікелей бақылап отырады.

Одан бөлек, мектептердің кіреберістеріне адам келбетін танитын турникеттер орнатылған және арнайы мамандандырылған күзет қызметтерімен 100% келісім шарт түзілген.

Өткен жылы Шымкентте 25 мектеп салынса, биыл 17 мектеп салу жоспарлануда. Келер жылы үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілетін болады. Одан бөлек, Оқушылар сарайы мен Саз мектебі салынуда.