Аталған бастама ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің тапсырмасымен жүзеге асырылып отыр.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Шымкенттегі 7 денсаулық сақтау ұйымдарының бас дәрігерлері өз кабинеттерін ауыстырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Енді олар ауданы кең кабинеттерін шағын кабинеттерге ауыстырып, ғимараттың бірінші қабатына жайғасты.
Аталған бастаманың негізгі мақсаты - басшылардың кабинеттерін оңтайландырып, бюджет қаржысын барынша үнемдеу, ашықтық пен қолжетімділікті арттыру бұл азаматтар үшін қолайлы жағдай жасаудың негізгі қағидаттары.
Бұндай шаралардың жүзеге асырылуы барысымен таныстырған «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Е.Төлебаев, аталған бастама ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің тапсырмасымен жүзеге асырылып отырғанын жеткізді.
"Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында бюджет шығындарын оңтайландыру қажеттігін атап өтті. Әрине бұл мемлекеттік қызметшілерге ғана емес, сондай-ақ бағынысты ұйымдардың басшыларына да қатысты. Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы мемлекеттік органдардың орналасқан алаңдары мен 64 мектеп директорларының кабинеттері оңтайландырылды", - деді Ерасыл Төлебаев.
№13 емхананың бас дәрігері Алмаш Кендірбекқызы өзінің үлкен кабинетін тастап, хатшысымен бірге өте қарапайым 12 м2 кабинетке көшкендердің бірі.
Оның айтуынша кабинетті ауыстырғалы емхана жұмысына деген пациентердің де көзқарасы жақсы жағына өзгергендігін айтады.
"Бұрындары үлкен кабинеттерде отырғанда, көптеген адамдар Бізді үлкен бөлмелерде демалып отырады деп ойлайтын. Ал енді біздің қандай жағдайда еңбек жасап жатқанымызды көріп, жақсы көзқарас қалыптасуда. Бұған қоса, менің бірінші қабатқа көшуім өз қызметкерлеріме жақынырақ болуға септігін тигізуде", - деді ол.
Сонымен қатар, Жобалық кеңсе басшысы Е.Толебаев аталған бастама жоғарыда көрсетілген аурухана, емхана басшыларымен шектеліп қалмай, басқа да медициналық мекемелер арасында қолдау табатындығына сенім білдірді.