Шымкенттік балабақшада Абайдың 175 жылдығына арналған іс-шара өтті

0
5 695

Балабақшада 220 бүлдіршін тәлім алады.


Шымкенттік балабақшада Абайдың 175 жылдығына арналған іс-шара өтті

Шымкенттегі №47 «Алтын бесік» бөбекжай-балабақшасында «Абай – дана, Абай – дара қазақта» іс-шарасы ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Атап айтсақ, Абай Құнанбайұлының мерейтойына арналған «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты мерейлі іс-шараға Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов пен ата-аналар қатысты.

Жиында болашағынан үміт күттірген бүлдіршіндер ұлы ақынның өлеңдерін жатқа оқып, ән шырқады. Балабақша басшылығы ұлы ақынның мерейтойына орай әр айға іс-шаралар жоспарын құрған.

«Мақсатымыз – ұлы кемеңгер, ойшыл ақынымыз Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін, жас ұрпаққа насихаттау. Дара тұлғаның өлеңдері арқылы бүлдіршіндерге адами қасиеттерді сіңдіру. Осылайша, өскелең ұрпақ ұлы тұлғаларымызды ұмытпай, оның шығармашылығына қызығушылық танытады. Бұл іс-шараны ұйымдастыруға ата-аналар да ерекше белсенділікпен атсалысты», - дейді балабақша меңгерушісі Гүлмира Тойбаева.

Айта кетсек, «Алтын бесік» – қаламыздағы үздік бөбекжай-балабақшалардың қатарында. Мекеменің шығармашылық тобы республикалық байқауларда жоғары көрсеткішке ие болып жүр. 1967 жылы негізі қаланған балабақшада бүгінде 20-дан астам педагог 220 бүлдіршінге тәлім береді.