Нәресте еміп жатып анасының сүтіне тұншығып қалған.
Шымкенттік дәрігер Асхат Қойшыбекұлы Жақыбаев Асфексияның салдарынан жүрек жұмысы тоқтап, клиникалық өлім жағдайындағы сәбиді аман алып қалған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ведомство мәліметінше, аталған оқиға Шымкент қаласындағы №2 ауруханада болған.
"Жас ана қаршадай нәрестесін қолына алып, жүгірген бойда жансақтау бөлімшесінің есігін жұлқылап ашып, өзінің қолындағы нәрестесін аман алып қалуды өтінген. Осы кезде Асхат Қойшыбекұлы саспай біліктілігін көрсетіп, қаршадай сәбидің өмірін аман алып қалуға кіріскен", - делінген жазбада.
Анасының айтуынша, нәрестесі еміп жатып анасының сүтіне тұншығып қалған. Салдарынан ана сүті баланың өкпесіне түсіп, сәби сүтке шашалып демалысы тоқтап, соның салдарынан жүрек соғысы нашарлап нәрестеде клиникалық өлім жағдайы тіркелген.
Жоғары санатты анестезиолог-реаниматолог дәігер Асхат Қойшыбекұлы тез арада ауыз қуысын санациялаудан бастап, нәрестенің жүрегіне саусақтарымен массаж жасап, нәрестенің өкпесін интубациялық түтікше арқылы жасанды тыныс алу апаратына қосып, сәбиді 5-6 минуттың ішінде жүрек және тыныс алу мүшелерінің жұмыстарын қалпына келтіру арқылы, сәбиге қайта өмір сыйлады.
Айта кетейік, Асхат Қойшыбекұлы 18 жылдан бері денсаулық сақтау саласында, жоғары санатты анестезиолог-реаниматолог дәрігері ретінде қызмет етіп келеді.
Асхат Қойшыбекұлы осы атқарылған жұмыстардың басында өз ісінің озық маманы екенін дәлелдеп, анестезиолог-реаниматолог дәрігер ретінде жағдайы өте ауыр науқастарға дер кезінде сапалы медициналық көмек көрсетіп, мыңдаған жанның өмірін аман алып қалды.
Асхат Жақыбаев қазіргі уақытта жоғары дәрежелі анестезиолог-реаниматолог маманы ретінде жансыздандырудың барлық түрлерін озық меңгерген, медициналық манипуляциялардың кез-келген түрін жасайтын үздік маман ретінде танылды.