Шымкент қалалық №2 аурухананың дәрігерлері 75 жастағы қарияның аяғын ампутациядан сақтап қалды.
Қант диабетінің асқынуынан диабеттік табан диагнозына шалдыққан науқастың аяғын жара басқан. Салдарынан аяғы ампутацияны қажет ететін халге түскен. Қуанышқа орай, ангиограф аппаратының көмегімен жасалған ота сәтті өтіп, науқастың қан айналымы қалпына келтірілді және жарасы жазыла бастады.
Озық технологиялы ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің шеңберінде жүзеге асырылуда.
Қалалық №2 ауруханасының дәрігерлеріне бұл күндері күрделі отаны жасау бойынша шеберлік сабағы да өтуде. Ақ желеңділер өзара тәжірибе алмасып, біліктіліктерін арттыруда. Аурухананың бас дәрігері Бахытжан Позиловтың айтуынша, ангиограф аппаратының көмегімен 9 пациентке күрделі ота жасалған.
Мұндай әдіс қан ағымын жақсартып, жараның жазылуына жақсы ықпал етеді. Сәйкесінше қант диабетімен ауыратын науқастардың өмір сапасын жақсартады.