Шымкенттік депутат: «Әкімнің орынбасарлары депутаттармен амандасып тұрса... Кісіліктің ешкімге керегі жоқ!»

0
2 166

Шымкент қаласы мәслихатының депутаты тоқтап тұрған жұмыстар мен жауаптылардың кемшілігі жайлы шындықты айтты.


Шымкенттік депутат: «Әкімнің орынбасарлары депутаттармен амандасып тұрса... Кісіліктің ешкімге керегі жоқ!»

Шымкент қаласы әкімдігінің ғимаратында қалалық мәслихаттың кезектен тыс елу төртінші сессиясы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкент қаласының әкімі, басқарма басшылары және қалалық мәслихат депутаттарының қатысуымен өткен кезектен тыс сессияда бірқатар мәселелер қаралып, депутаттар тарапынан пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Атап айтсақ, күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болғаннан кейін, мәслихат депутаты Сатқанбаев Еркін Тұрниязұлы басқармалар мен әкімдіктің жұмысына өз бағасын беріп, пікірін жеткізді.

«Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бөлінгеннен бері, қалаға бөлінбей қалған қаржының есебінен 7 айдың ішінде қаншама жұмыстар аяқталмай қалды. Ал, ол жұмыстарды істейтін әкімдік пен мәслихаттың арасында терең түсіністік болмай, іс алға жылжымайды. Бірақ, біз әр саланың тұрақты комиссиялары сол жұмыстар қалай жүріп, не істелініп, неліктен істелінбей жатқанын немесе қаржы қаншалықты игерілгенін білмейміз. Себебі, басқарма басшыларының есебі айтылған жерде қалып қояды, білмейтініміз ұшан-теңіз. Сондықтан, басқарма басшылары және әкімнің орынбасарлары депутаттармен жиі кездесіп, кеңесіп, амандасып тұрса деймін. Кісіліктің ешкімге керегі жоқ! Халық үшін әркім өз ұятының алдында қызмет жасауы керек. Бізге қарап отырған халық алдында ұятқа қалмайық», - деді мәслихат депутаты Еркін Тұрниязұлы өз сөзінде.

Айта кетейік, күн тәртібінде Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы терроризмге қарсы комиссияның, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ведомствоаралық және құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның дербес құрамын бекіту, Шымкент қалалық мәслихаттың шешімдеріне өзгерту енгізу мәселелері қаралды. Сонымен қатар, сессия соңында Шымкент қаласы әкімдігінің дербес құрамы бекітілді.