Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесіне және іскер әйелдер кеңесіне мүше кәсіпкерлер бөлген заттай көмек Палата жанындағы қоймаға жиналды.
ERNUR.KZ. Шымкенттің бизнес қауымдастығы қалалық кәсіпкерлер палатасымен бірге төтенше жағдай жарияланған өңірлерге көмек қолын созды.
Өңірлік палата директоры Сабира Адамбекованың жетекшілігімен үйлестіру штабы жедел ұйымдасып, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Еске сала кетсек, бұған дейін қалалық Жастар ресурстық орталығының ғимаратында қабылдау пункті жұмысын бастаған болатын. Ақтөбе облысының Ойыл ауданына гуманитарлық көмектің алғашқы легі жөнелтілді. Арнайы көліктер зардап шеккендерге азық-түлік, төсек-орын, киім-кешек сияқты бірінші қажеттіліктерден құралған 10 тонна жүк жеткізген.
Сонымен қатар, гуманитарлық көмек жинайтын пункт қалалық Қазақстан халқы ассамблеясында ашылды. Ассамблея өкілдері 20 тоннаға жуық гуманитарлық жүктің алғашқы партиясын Атырау облысына жөнелтті. Содан кейін Батыс Қазақстан облысына гуманитарлық көмектің екінші партиясын жіберді. Сондай-ақ, шымкенттіктер су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін ашылған арнайы банк шотына қаржы аударады. Гуманитарлық көмекті жинау белсенді түрде жалғасуда.