Шымкенттік оқушы Грекияда өткен байқауда I-орынды иеленді

0
740

Одан бөлек түрлі республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы.


Шымкенттік оқушы Грекияда өткен байқауда I-орынды иеленді

Президентіміз айтқандай, «Қазақстанның болашағы білімді жастардың қолында». Осы ретте елімізде білім сапасына ерекше көңіл бөлініп отыр. Әсіресе жастарға беріліп жатқан мүмкіндік орасан зор. Жастардың білім алуына барлық жағдайлар жасалуда десек артық айтпаған болар едік.

Мектеп қабырғасында сапалы білім мен саналы тәрбиеге қаныққан әрбір оқушы ел ертеңі болады деп сеніммен айта аламыз.

Бүгінде еліміздегі білімді жастардың жетістіктерін ауыз толтырып айтуымызға болады. Өз елімізден бөлек, шет елдердегі түрлі байқауларда оқ бойы озық шығып жеңіс тұғырынанкөрініп жүрген жастарымыз қаншама! Осындай еліміздің намысын қорғап түрлі байқаулардың жеңімпазы атанып жүрген шымкенттік оқушылардың бірі - Серікқызы Жасия. Талантты оқушы ERNUR.KZ. тілшісіне берген сұхбатында жеткен жетістіктері мен болашаққа деген жоспарларымен бөліскен болатын.


Жасия №80 IT мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы. Мектеп қабырғасында көптеген жарыстарға қатысып жүлделі орындарға ие болған. Одан бөлек түрлі республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанып үлгерген. Атап айтатын болсақ, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиададан II орын, Международная философская школа “Читатель эрудит” байқауында III орынға ие болған. Сонымен қоса, Грецияда өткен “The reading man - the future scientist of the world” халықаралық байқауында топ жарып жеңіс тұғырынан көрінді.



«Егер адам талантты болса, барлық жағынан талантты» демекші, кейіпкеріміз сөзге де іске де шебер көрінеді. Тек оқу озаты емес, қолөнерді де жетік меңгерген. Нақтырақ айтатын болсақ, бос уақытында тігін тігумен айналысады. Айтуынша, өзіне және отбасы мүшелеріне киім тігуді ұнатады екен. Одан бөлек түрлі тәттілер пісіріп қосымша табыс тауып жүрген жайы бар. Арасында домбыраны да күмбірлетіп ән де салады. Бір сөзбен айтқанда, оқушымыздың жаңа дүниелерді үйренуге жаны құмар бір орында қалып қалғысы келмейді. Өзін барлық салада сынап көргісі келеді.


«Өзім жан-жақты болғанды ұнатамын. Бос уақытымды барынша пайдалы іске жаңа дүниелерді үйренуге жұмсаймын. Алдағы уақытта жоғары оқу орнына түсіп, тележүргізуші болғым келеді. Арманыма жету жолында аянбаймын. Қазіргі уақытта болашақ мамандығым бойынша дайындық жасаудамын», - дейді ол.


Кейіпкеріміз мектепте тек оқу озаты ғана емес, түрлі қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады.

«Жасия – біздің мектебіміздің мақтанышы. Сабақ үлгерімі өте жақсы. Сабақпен қатар барлық қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысады. Мектепте өткен барлық іс-шараларды ұйымдастыруда алдыңғы қатарда. Түрлі байқауларда мектебіміздің намысын қорғап жүрген жайы бар», - дейді №80 IT мектеп-лицейінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгерім Алтынбекқызы.

Аталған мектепте қаламыздың атын шығарып жүрген талантты оқушылар өте көп екен. Оқушылар арасында білім және спорт саласында түрлі жарыстарда жеңімпаз атанғандар бар.

№80 IT мектеп-лицейінде осындай дарынды оқшыларды қолдау мақсатында әрі басқа балаларға үлгі болсын деп «ЖасStar» тележобасы қолға алынған. Аталмыш жобада түрлі байқаулардың жеңімпаздарымен кездесу өткізіледі.

Ұлбосын Әбілсейітқызы,

ERNUR.KZ.