Ақтық кезеңге жалпы орта білім беретін мекемелерден 904 оқушы бақ сынасты.
Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиадада Шымкент окушылары топ жарды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Атап айтатын болсақ, Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Серікбай Қанат пен Сыдыков Арсен 1 орын иеленсе, ал Тазабек Еркебұлан 3 орынмен марапатталды.
Аталған олимпиаданың басты мақсаты – оқушының жеке тұлға ретінде өзін-өзі қалыптастыруда шығармашылық қабілеттерін дамыту, теориялық білім мен практикалық дағдыларын тереңдетуін жүзеге асыруына ықпал ету, дарынды балаларды анықтауға жағдай жасау, оқушыларды халықаралық олимпиадаларға қатысуға іріктеу және дайындау, сондай-ақ, Қазақстан Республикасындағы білім беру жүйесінің беделін арттыру.
Жалпы орта білім беретін мекемелерден 904 оқушы ақтық кезеңде бақ сынасқан болатын. Соның ішінен NIS құрамасы бесінші рет еліміздің ең үздік олимпиадалық командасы деп танылды. Жас математиктер, информатиктер, физиктер, химиктер және географтар жеке және командалық есепте жеткен жетістіктерімен NIS-тің жоғары стандарттарын қайта растады. Зияткерлік мектептердің медалдық қоржыны 60-тан астам түрлі дәрежедегі наградамен толықты, олардың үштен бірі – алтын. NIS өкілдерінің барлығы дерлік құрмет тұғырынан көрінді.
Еске сала кетейік, өткен жылы Шымкенттік оқушылар робототехника бойынша республикалық олимпиаданың жүлдегері атанған болатын. Аталған WRO-2022 чемпионаты «Менің роботым – менің досым» атауымен роботтарға арналды. Өңірлік жарыстардың нәтижелері бойынша №2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернатынан ұлттық чемпионатқа 9 "Б" сынып оқушысы Тойлыбаев Олжас мен 8 "Ә" сынып оқушысы Қаныбек Әмина қатысып, өз бақтарын сынаған болатын. Нәтижесінде жас зияткерлер World Robot Olympiad аясында робототехника бойынша республикалық чемпионаттың жүлделі І орын иегерлері атанды.