Қазіргі уақытта ауруханада тиісті уәкілетті органдар тарапынан тексерулер жалғасуда.
сурет: ашық дереккөзден
Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы №1 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері А.Донбайдың әлеуметтік желідегі видео жазбасындағы мәліметтер шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Еске сала кетейік, Шымкенттегі №1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Абылай Донбай басшылық тарапынан қысым көріп жатқанын айтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраған болатын.
Ведомство мәліметінше, денсаулық сақтау басқармасы және басқарма басшысы тарапынан бас дәрігер А.Донбайға қатысты қысым көрсетілмеген.
"Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасына 2022 жылғы 8 айында №1 қалалық клиникалық ауруханасына ресми түрде 15 арыз шағым түскен, бұқаралық ақпарат құралдарына 17 жағымсыз ақпарат жарияланған. Telegram әлеуметтік желісіндегі «EGOV.PRESS» парақшасында 06.09.2022 жылы «Жемқорлыққа жол жоқ» мақаласында жарық көрген №1 қалалық клиникалық ауруханасының медициналық қызметкерлерінің бас дәрігер А.Донбайдың заңсыз іс әрекетіне қатысты бейнетаспадағы жазба негізінде Шымкент қаласы прокуратурасының хатына сәйкес, денсаулық сақтау басқармасы тарапынан жұмыс тобы құрылып, бейінді мамандардың қатысуымен 2022 жылғы 13-23 қыркүйек аралығында №1 қалалық клиникалық ауруханасында тексеру жүргізілді. Сонымен қатар, А.Донбайдың заңсыз әрекеттеріне аурухананың 6 қызметкері ресми шағымданған және Басқарма басшысының жеке қабылдауында аурухананың 2 қызметкері осы сұрақтар бойынша келіп шағымданды", - делінген баспасөз хабарламасында.
Бас дәрігер А.Донбайдың заңсыз іс-әрекеттері бойынша ауруханадағы медициналық қызметкерлерден түскен шағымдар денсаулық сақтау басқармасы, Шымкент қаласының медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті, Шымкент қаласының еңбек инспекциясы басқармасы тарапынан жүргізілген тексерулер заңды өткізілгенін мәлімдеді.
Сонымен қатар, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы ауруханадағы тексеру қорытындысымен бірқатар кемшіліктер анықталғанын келтірді. Атап айтқанда медициналық көмектің сапасының төмендігі, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар шекті бағадан жоғары бағамен сатып алу, дәрілік заттар медициналық бұйымдар сақталатын бөлмелерінде тиісті температуралық және ылғалдылық режимдері қамтамасыз етілмеу және кейбір медициналық қызметтер бойынша лицензияға қосымша алынбау т.б фактілері орын алған.
Қазіргі уақытта ауруханада тиісті уәкілетті органдар тарапынан тексерулер жалғасып, жүргізілген тексерулердің нәтижелері бойынша Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы тиісті шаралар қабылдайтынын жеткізді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.