Жаңа басшыны қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов таныстырды.
Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасына жаңа басшы тағайындалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Бұл туралы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мәлімдеді. Шымкент қаласының бас дәрігері қызметіне Асхан Мархабайұлы Байдувалиев тағайындалды.
Асхан Мархабайұлы Байдвуалиев - 1972 жылы туған. Қарағанды медицина институтын және С.Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медициналық университетінің магистратурасын бітірген, мамандығы - дәрігер. Медицина ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің урология кафедрасының ассистенті болып бастады. Кейін Алматы қаласындағы Қазақстан медициналық университеті урология кафедрасының меңгерушісі, Алматы облысында «Қарасай ауданының емханасы» МКК директоры болып еңбек етті.
Соңғы атқарған қызметтері - Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы, С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің факультетінің деканы және аталған университеттің клиника бойынша департамент директоры.
Сонымен қатар, «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасымен және бірқатар медальдармен марапатталған.
«Асхан Мархабайұлы, сізді жаңа лауазымыңызбен құттықтаймын. Шымкент қаласы үшін денсаулық сақтау саласы ең бір маңызды саланың бірі, проблемалар бар. Оларды шешу керек, халық риза болуы керек. Сіздің жұмысыңызға сәттілік тілеймін», - деді шаһар басшысы.