Бұл туралы Берік Тұрсынұлы брифинг барысында мәлімдеді.
Шымкент қаласының экологиялық проблемаларын кешенді шешу бойынша жол картасы жаңартылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша экология департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Берік Тұрсынұлы брифинг барысында мәлімдеді.
2021 жылдың басында Шымкент қаласының әкімі мен ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі бірлесіп, «Шымкент қаласының экологиялық мәселелерін кешенді шешу» жол картасын бекіткен болатын.
Алайда, жол картасының кейбір іс-шаралары өңір үшін өзекті болмғандықтан және ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 11 қарашада Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесу қорытындысының хаттамасын орындау мақсатында қайта жаңартылды.
Жол картасына келесідей өзгертулер енгізілді:
- Қала аумағында жыл сайын 120 мың көшет егу;
- Сәуле, Шымсити, Тұран шағын аудандарында саябақ құрылысын салу;
- Қошқарата өзенін Ордабасы алаңынан Жангелдин көшесіне дейін (I-кезең) және Жангелдин көшесінен Абай даңғылына дейін (II кезең) абаттандыру;
- Шымкент қаласы аумағынан ағып өтетін барлық су объектілерінің (Бадам, Сайрамсу, Қошқар ата, Қарасу ) су қорғау белдеуі мен аймақтарын бекіту;
- Қошқар ата, Карасу, Бадам өзендеріне жауын-шашын суларын тазалаусыз тастауды болдырмайтын нөсер жауын канализациялық жүйесінің құрылысын салу;
- Коммуналды қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеу;
- Қаланың ірі кәсіпорындарында ластаушы заттар шығарындыларының автоматтандырылған мониторинг жүргізу жүйелерін кезең-кезеңімен енгізу қосылды.
Айта кетейік, ғарыштық мониторингі бойынша 2021 жылы Шымкент қаласының аумағында бей-берекет қоқыс орындарының 47 нүктесі анықталған. Ал, 2022 жылы 45 нүктесі анықталып, аудан әкімдіктерімен толық тазалау жұмыстары жүргізілген.
2021 жылы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына 230,4 мың тонна қалдық әкелінді, оның 27 пайызы сұрыпталып, 185,62 мың тонна бөлігі көмуге жіберілді. 2022 жылы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына 225 мың тонна қалдықтар әкелінді, оның 30 пайызы сұрыпталып, 183,25 мың тонна бөлігі көмуге жолданды.