Шымкенттің соңғы 4 жылдағы даму динамикасы жоғары

0
417

Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілгеннен бері өнеркәсіп өнімінің көлемі 492,3 млрд. теңгеден 785,4 млрд. теңгеге ұлғайды.


Шымкенттің соңғы 4 жылдағы даму динамикасы жоғары

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялық қызметі алаңында өткен брифингте қаланың мегаполис мәртебесін алғаннан бергі негізгі даму көрсеткіштері мен осы жылдың алты айлық қорытындысын баяндады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Әкім соңғы 4 жылда қалада өнеркәсіп өнімінің көлемі 60 пайызға, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 30 пайызға, қала бюджеті 4 есеге өскенін айтты.

«Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілгеннен бері өнеркәсіп өнімінің көлемі 492,3 млрд. теңгеден 785,4 млрд. теңгеге ұлғайды. 1,5 трлн. теңгеден астам инвестиция тартылды. Биыл қалаға жарты триллионнан астам инвестиция тарту жоспарланған. Инвестиция тарту бойынша Шымкент 2021 жылдан бері елімізде көш бастап келеді. Сонымен бірге 2,6 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй салынып, оның 1 миллионы өткен жылы берілді. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері шығарған өнім көлемі алғаш рет 1 трлн. теңгеден асты. Ал, қала бюджеті 146,2 млрд. теңгеден 573,7 млрд. теңгеге дейін артты. Осы уақыт ішінде 673,4 шақырым жол жөнделді. Бұл – алдыңғы 8 жылмен бірдей», - деді М.Әйтенов.

Айта кетейік, Шымкент мегаполис болғалы бюджет көлемі 4 есеге артты. 2022 жылға бюджет көлемі 573,7 млрд. теңгені құрады. Оның 47 пайызы әлеуметтік салаға бағытталса, 21 пайызы даму жобаларына бөлініп отыр. Бюджет қаражатын ұлғайту арқылы қаладағы біршама өзекті мәселелер шешімін табуда. Бюджетті жоспарлауда ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 158 жобаға 3,9 млрд. теңге қаржы бөлінді (140 балалар ойын алаңы, 24 ашық спорт алаңы және 2 ирригациялық арықтар орнату) Бүгінге қаланың кез келген тұрғыны «электрондық үкіметтің» веб-порталына кіріп, өз ұсыныстарын қалдырып, кері жауап алу мүмкіндігі бар.