Шымкенттің тазалығына жауаптылардың мәселесі қатаң қадағалауда болады

0
1 041

Е.Айтаханов: «Мердігер компаниялар бір тал кессе, орнына он тал отырғызады»


Шымкенттің тазалығына жауаптылардың мәселесі қатаң қадағалауда болады

Шымкент қаласының әкімі қала тазалығы көңіл көншітпейтін жағдайда екенін, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Атап айтар болсақ, осының алдында Шымкент қаласындағы экологиялық ахуалдың өте нашар екені жайында хабарлаған едік.

Ал, бүгін қала әкімі Е.Айтаханов Шымкенттің тазалығы жөнінде жиналыс өткізіп, қаланың тазалығы көңіл көншітпейтін жағдайда екенін және өзінің атына осы мәселе бойынша тұрғындардан шағымдардың өте көп түсіп жатқандығын айтты. Оның ішінде ішкі аулалардағы қоқыстардың уақтылы шығарылмауы, жол бойындағы қоқыстардың тазаланбауы бүгінде шаһардың негізгі мәселесіне айналып отырғанын алға тартты. Сондай-ақ, Ерлан Қуанышұлы аталмыш саланы осындай деңгейге түсіргені үшін және тұрғындардың қолайлы өмір сүрулеріне немқұрайлы қараған жауапты сала мамандарын қатаң сынға алды.

Осы орайда қала әкімі тазалық жұмысын күшейту мақсатында тиісті қаражатты бюджеттен қарастыру үшін өзінің орынбасары Е.Садырға тапсырма беріп, тиісінше шаһардағы аталмыш мәселені күнделікті бақылап, мониторинг жүргізуге және тиісті ұйымдастыру шараларын жүргізуді қала әкімінің орынбасары Б.Пармановқа тапсырды.

«Шымкенттің ажары мен тазалығы баршамыздың ортақ міндетіміз. Аудан әкімдері халықпен тығыз байланыста болып, қаланы ластамау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізулері шарт. Ал, қоқыс тазалайтын тиісті мекемелер өз жұмыстарына салғырттық танытса мәселелері қатаң қаралатын болады»,- деді Е.Айтаханов өз сөзінде.


Сонымен қатар, жиынды қорытындылай келе шаһар басшысы қала аумағында құрылыс немесе жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компанияларға көше бойында өсіп тұрған талдарды мүмкіндігінше кеспеуді тапсырып, ал кесілген жағдайда бір талдың орнына он тал отырғызуды міндеттеді. Бұл мәселенің орындалуын қала әкімінің орынбасары Б.Пармановқа жүктеді. Сондай-ақ, қаладағы кесіліп жатқан ағаштар бойынша халықтың наразылығы орынды екенін айтқан қала басшысы бір талдың орнына он тал отырғызу міндетінің орындалуы әкімдіктің назарынан тыс қалып қойса да тұрғындардың басты назарында болатынын айтты.