"Бүгінде бетперде адамның киетін киімі секілді қажеттілікке айналды"
Бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Әбдіманап Төлебаев және Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Тимирхан Варзиловтың қатысуымен қаладағы эпидемиологиялық жағдай бойынша брифинг өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Баспасөз мәжілісінде қала әкімінің жақында тағайындалған орныбасары Шыңғыс Жұмабекұлы қаладағы қалыпқа түсе бастаған эпидемиологиялық ахуалды тұрақты жағдайда ұстау үшін жоспарлары жөнінде сөз қозғады.
– Коронавирус инфекциясының кең таралуын алдын алу мақсатында қалада адамдар көп шоғырланатын қоғамдық орындарға насихат баннерлерін ілеміз. Яғни, халық санитарлық нормалардың сақталуын жадыларынан шығармауы керек. Мәселен, бүгінде бетперде адамның киетін киімі секілді қажеттілікке айналды. Осы қалыпты әлі де сақтауымыз керек. Өйткені індет ұйытқып отырып қайта соғуы мүмкін. Ал ол вируспен күрес көзбен көрінбейтін жұмыс сияқты. Бұл сөзімді медицина мамандарының еңбегін назарға алып айтып отырмын. Өз кезегінде біз Шымкент қаласының әкімдігі ақ халаттылар кәсібилігін сарқып жұмыс істеуге жағдай жасауымыз қажет, – деді Ш.Мұқан.
Сондай-ақ, қала әкімінің бірінші орынбасары жеке жоспар жоқ, мемлекеттік мақсат бар екенін, бүгінгі жағдай қалыпқа келді деп, оған немқұрайлы қарасақ, үшінші толқын болуы әбден мүмкін екендігін жеткізді.
"Ол – қарапайым шындық. Эпидемиология кеше пайда болған жоқ, ол – ғылым, зерттелген дүние. Яғни, сақтанбасақ, індетті қайта өршітіп алуымыз мүмкін. Дегенмен әлем ғалымдары бұл вирусты ауыздықтау үшін күресуде. Бүгінде дүние жүзінде ғалымдар 160-тан аса вакцинаны сынақтан өткізіп жатыр. Оның ішінде екі вакцинаны еліміздің ғалымдары сынақтан өткізуде", - деп, сөзін түйіндеді Шыңғыс Жұмабекұлы.