Солтүстікке көшіп барғандар үшін субсидия көлемі биыл екі есеге көбейген

0
1 699

Қоныстанушы отбасылардың әр мүшесіне берілетін субсидия көлемі 204 190 теңге (70 АЕК).


Солтүстікке көшіп барғандар үшін субсидия көлемі биыл екі есеге көбейген

Бүгін Шымкент қаласында мемлекеттік көші-қон бағдарламасын насихаттау шарасы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Баспасөз мәжілісіне Павлодар облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көші-қон бөлімінің басшысы Меруерт Есембаева, Солтүстік Қазақстан облысы Уалиханов ауданы Жұмыспен қамту орталығының директоры Зәуреш Мұсабаева және Қостанай облысы Денисов ауданы әкімінің орынбасары Нұрлыбек Кәкімжан қатысты.

Аталған бағдарлама аясында Шымкент қаласынан 69 отбасы, ал Түркістан облысынан 393 отбасы қоныс аударған.

– Павлодар облысына «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру басталғаннан бері қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына 6 652 адам енгізілді. Бұл ретте қоныс аударушылардың ішінде 686 отбасы тұрғын үйді жалға, 486 отбасы тұрғын үй сатып алды және 239 отбасы мемлекеттік бағдарлама бойынша баспанаға қол жеткізді, – деді М.Есембаева.
Зәуреш Керебайқызының сөзінше, Солтүстік Қазақстан облысына 2016 жылдан бастап қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына 6 765 адам енгізілген. Оның ішінде Шымкент қаласынан 174 отбасы көшіп барған. Қоныс аударған барлық отбасы мемлекеттен төлем алып, тұрғын үймен қамтамасыз етілген.
Нұрлыбек Қайратұлының сөзіне сүйенсек, Қостанай облысына Еңбек ресурстарының ұтқырлығы шеңберінде 2017 жылдан қоныс аудару бағдарламасын іске асырылуынан бастап 2 441 қоныс аударушы келген. Олармен толық түрде әлеуметтік келісімшарттар жасалып және көшуге, тұрғын үйді жалға алуға немесе сатып алуға субсидиялар төленген.
Брифинг барысында спикерлер «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қоныс аударушыларға барлық мүмкіндік қарастырылып отырғанын айрықша атап өтті.
Айта кетейік, 2021 жылы қоныстанушы отбасылардың әр мүшесіне берілетін субсидия көлемі екі есеге көбейген. Бұған дейін әр адамға 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы берілсе, ендігі кезекте қоныс аударушылар 204 190 теңге (70 АЕК) субсидия алады.