​«Тегін болғаны құрысын»: Шымкентте сайлау күні көшеде сағаттап автобус күткендер Әбдірахымовқа «алғыс» айтты

0
1 526

Кейбір автобустар аялдамаға тоқтамай өтіп кеткен.


​«Тегін болғаны құрысын»: Шымкентте сайлау күні көшеде сағаттап автобус күткендер Әбдірахымовқа «алғыс» айтты

Шымкенттік тұрғындары 9 маусым күні сайлау учаскелері мен жұмыстарына таксимен баруға мәжбүр болған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бұл туралы көпшілік Шымкент қаласы әкімінің инстаграм желісіндегі ресми парақшасында ҚР Президентін сайлау науқаны жөнінде бөліскен жазбасына пікір қалдырыпты.

Желі қолданушылары сайлау күні Шымкент қаласында барлық автобустар тегін болғанынан ақылы, күнделікті тәртіппен жүргенін дұрыс санады. Себебі, қалада жүрген автобустар тегін болғанымен тым аз жүріп, жолаушылар қоғамдық көлікті сағаттап күтуге мәжбүр болған. Тіпті, тегін болады деген автобустардың кейбірі жолаушылардан жолақысын алған. Оларға жолаушылар тарапынан ескерту жасалса да, елемеген көрінеді.

«Жұрттың 140 теңгесі жоқ, бірақ уақыты көп деп ойладыңыздар ма? Не керегі бар еді?», «Үйден 10-да шығып жұмысқа түскі сағат 13-те жеттім. Таксимен баруға тура келді. Бізге мұндай керек емес», «70 теңге орнына таксиге 500 теңге бердік. Қайырымдылық жасамай тұрып жұргізушілерге түсіндіріп алу керек еді», «Автобустар қайда? 2 сағат болды, бір автобус келмеді...», «Тегін болғаны құрысын мұндай, бір автобус жоқ», «Ақшамызды үш есе етіп таксиге төлеп жатырмыз» деген сынды пікірлер көп жазылыпты әкімнің парақшасындағы жазба астында.

Тіпті, бір оқырман өзінің аялдамада бесікарбамен ұзақ ұрып, автобус жұрмеген соқ амалсыз такси тоқтатуға мәжбүр болғанын жазыпты. Ал кейбіреулер автобустың өте аз болғанын, толы күйінде аялдамаға тоқтамай өтіп кетіп жатқанын жазады. Тіпті, аялдамада автобусты күте-күте күдер үзіп, үйлеріне қайтып кеткенін де айтады бір оқырман.

Енді бірі бүгін тек сайлау ғана емес, қаншама адамдар жұмысқа баратынын, бәрінің сенбі-жексенбі күні демалмайтынын да алға тартып, салмақты уәж келтірген.

Ал қала басшысы бұған сайлауға қатысты жолаушылардың көптігін, қоғамдық көліктердің жетпей жатқандығымен түсіндіріпті. Cондай-ақ, желі қолданушыларының пікірінен соң әкімшілік атынан да кешірім сұрап, өзі де пікір қалдырған.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қаласында 9 маусым - ҚР Президентін сайлау күні шаһарда барлық автобустар жолаушыларға тегін қызмет көрсететіні туралы хабарланған еді.