"Тойханада ғана вирус жұға ма?": Шымкентте тойхана қызметкерлері өз наразылықтарын жеткізді

0
2 321

"Ең болмаса, үйлену тойы мен ұл тойын өткізуге рұқсат берсе..."


иллюстрациялық фото

Шымкенттегі той бизнесінен табыс тауып жүрген қызметкерлер, адам саны 50 мен 100-ден аспайтын той өткізуге рұқсат берулерін сұрауда, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Әлемді шарпыған қауіпті індетке байланысты жарияланған төтенше жағдай мен карантин тәртібі кезінде көптеген кәсіпорындар өз жұмысын тоқтатып, біршама қала тұрғындары табысынан айырылған болатын.

Бүгінде Шымкенттегі 2 мыңнан астам кәсіпкерлік нысандар өз жұмысына қайта кірісті. Бірақ, 1 маусымнан бастап ашылған нысандар қатарында тойхана мен той салондары жоқ.

Карантин салдарынан кіріс көзінен айрылған тек тойхана иелері ғана емес. Онда жұмыс істеп нәпақасын тауып жүрген аспаз, даяшы, еден және ыдыс жуушы, фотограф, видеоператор, сәндеуші, музыкант, асаба, әнші, бишілер секілді өзге де қызметкерлердің табыссыз қалғаны шындық. Үйреншікті жұмысы тоқтаған соң басқа мамандықты игеріп табыс табу да оңай емес.

Той-томалақтарда әуен қойып, отбасын асырап жұрген шымкенттік кәсіпкер Нұрлан Сағындықов бүгінде көлік жүргізушісі (таксист) болып отбасын асырап жүр.

"Осы уақытқа дейін тоймен күн көріп келдік қой. Отбасымды асырауым керек. Кредит бар, жалдамалы пәтердің ақысы бар дегендей. Ай сайын 180-200 мың теңге кетеді. Қазір "Яндекс Таксиде" жұмыс жасаймын. Әрине, тойсыз қазақты елестету мүмкін емес. Соңғы уақытта ысырапкершілік те көбейіп кеткенін байқадық. Бұл бір сабақ болса игі еді. Тек үйлену және ұл тойға рұқсат берсе жақсы.

Карантин болғалы бері, тұрғындарды тасып жүрмін. Халықтың қиналып қалғанын байқадым. Қазір, тек той өткізуге ғана рұқсат жоқ қой. Қаншама адам жұмыссыз отыр. Қазіргі жағдайда тек 50-100 адамға арналған той өткізуге рұқсат берсе екендейміз", - дейді Нұрлан Сағындықов.

15 жылдан бері осы істі табыс көзіне айналдырған Н.Сағындықовтың айтуынша, карантин болған кезде де тапсырыс түскен. Қазір де аптасына 1-2 рет арнайы шақыртумен той-жиынға музыка қоюға барып тұрады екен.


Ал, Шымкент қаласындағы "Нұра" тойханасының Айгерім есімді әкімшісі (администратор) жұмыссыз, табыссыз қалғанын айтып отыр. 3 баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана қазіргі уақытта анасының үйінде, жұмысының қайта басталатынын күтіп жүр.

"9 жылдан бері жұмыс істеймін осы салада. Карантин кезінде табысымыздан айырылып қалдық. Мемлекет тарапынан берілген 42 500 теңгені алдым. Қазір барлық жер ашық қой. Базарлар, ірі сауда орындары жұмыс істеп жатыр. Сонда ол жерде вирус жұқпай ма? Тойханада ғана жұға ма? Тойханалардың да ашқанын қалаймын. Мен жұмыс жасап жүрген жердің сыйымдылығы 50-100 адам ғана. Енді, қазір табысым болмағанына байланысты аздап қарызданып қалдым. 50 адамнан астам тойларды өткізуге рұқсат берсе екен деймін" , - дейді Айкерім.

"Нұра" тойханасының аспазы Нұрзейнет Ерсалиева 15 жылдан бері осы салада жұмыс істеп келеді. 47 жастағы аспаз да жалғызбасты ана.

"Қазір, зейнетақымен өмір сүріп жүрмін. Ешқайда жұмыс жасамадым. Бұл кезде де үйінде жиын-той өткізіп жатқандар тапсырып берді. Бірақ, мен қабылдамадым. Демалғым келді. Таңнан кешке дейін аяқта тік тұрып, жұмыс істеу оңай емес. Дегенмен, тойханалардың да қайта жұмыстарын бастағандары дұрыс болушы еді", - деп пікір білдірді Нұрзейнет Ералиева.

Той-томалақтарға арнайы тойбастар, қырқынан шығару, ауызашарға арналғанжиынтықтар жасап, табыс тауып жүрген кәсіпкерлердің бірі - Тұрсынай Көпбосынова. 2018 жылдан бері жоғарыда аталған заттарды өзі жасап, нәпақасын тауып жүр.

«Өздеріңіз білесіздер, карантин режимінде той өткізуге рұқсат жоқ. Сондықтан, тапсырыстар да тоқтады. Отбасымызда басты табыс табатын күйеуім. Бірақ 4 баланы асырау оңай емес. Бұл кәсібім қосымша табыс көзі болатын»,- дейді Тұрсынай Көпбосынова.

Қауіпті індетті жұқтыру саны әлі де жалғасып жатқанда адамдар шоғырланатын мұндай той-томалақтар өткізудің қауіптілігін тиістілер айтып жатыр. Дегенмен, өздерінің жұмыс орнын өзгелермен салыстырған осынау қызмет иелері табыссыз қалып, отбасы жағдайының болашағына алаңдаулы.