​Үшінші мегаполисте ерекше үлгідегі гүлзар ашылды

0
446

Демалыс орны 11-шағынауданның ортасынан орын тепкен.


​Үшінші мегаполисте ерекше үлгідегі гүлзар ашылды

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен жергілікті тұрғындар жаңа гүлзардың ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Демалыс орны 11-шағынауданның ортасынан орын тепкен. Мұрат Дүйсенбекұлы саябақты аралап танысып, тұрғындармен тілдесті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен қаламызда тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Міне, соның бірі – жаңа гүлзар ел игілігіне беріліп отыр. Мұның барлығы – сіздер, тұрғындар мен балалар үшін. Ендігі мақсат – осы ортақ мүлікті күтіп ұстап, қамқорлық таныту керек, – деді Мұрат Әйтенов.

Тұрғындар қалада абаттандыруға байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға алғыс айтып, ақ жаулықты аналар бата берді. Қала әкімі бастаған қонақтар гүлзар аумағына тал көшеттерін екті.

Жаңа гүлзар ерекше үлгіде салынған. Жауапты мамандар, бұл демалыс орны, әсіресе кешкі уақытта әсемдене түседі дейді.

Гүлзар жалпы аумағы 1,6 гектар учаскеде орналасқан, көп қабатты бірнеше үйдің ауласын ортақ композицияға біріктіріп отыр.

Мұнда амфитеатр, субұрқақтар, шахматқа арналған алаң, велосипед және көлік тұрағы, үстел теннисіне арналған алаң, тренажерлар, баскетбол және футбол алаңдары, арқан паркі қарастырылған. Бас мердігер – "Импульс" ЖШС құрылысты 9 айда аяқтауға жақын.

Айта кетейік, Шымкент қаласында қоқыс полигоны демалыс аумағына айналды. Шымкент қаласы А-1 тас жолында орналасқан құрылыс қалдықтары полигоны аумағына тұрғындар үшін демалыс орнын салу жоспарланған болатын. Құрылыс жұмыстары 2021 жылдың қыркүйек айында толығымен аяқталды. Мердігер мекеме «Кен Тау» ЖШС жоба құны 301,6 миллион теңгені құрайтын жобаның құрылысын өз мерзімінде аяқтады. Бүгінгі таңда жалпы ауданы 4,48 га аумақта демалыс орны алаңдары, жарықтандыру бағаналары, орындықтар, қоқыс урналары, спорт алаңдары құрылды. Сонымен қатар, әр түрлі пішінде кіші сәулет мүсіндері орнатылған. Жергілікті тұрғындар қоқыс полигоны аумағының ретке келтіріліп, жасыл желекке айналғанына қуаныштарын жеткізіп, қала әкіміне алғысын білдірді. Құрылысы 10 айда аяқталған демалыс орны бүгінде тұрғындар үшін саялы аумаққа айналды. Қаланы жасыл желекке айналдыру және көгалдандыру, демалыс орнын көбейту жұмыстары ұдайы назарда.