Бұл туралы қалалық көрме орталығында өткен салтнатты жиында қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов мәлімдеді.
Шымкентте спорт саңлақтары марапатталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жиында сөз алған Мақсұт Пернебайұлы спорт саласының үздіктері мен жаттықтырушыларды еліміздің ең басты мерекесі – 30 жылдық мерейтойымен әрі ерекше мәнге ие Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
– Тәуелсіздіктің арқасында еліміз, қаламыз өсіп, дамып келеді. Үшінші мегаполистің спортшылары да елдің даңқын шығарып, мемлекетімізді әлемге танытуда күш салуда. 23 шілде мен 8 тамыз аралығында Жапонияның Токио қаласында өткен XXXII Жазғы Олимпиада ойындарына қаламыздан Ұлттық құрама сапында спорттың 7 түрінен 10 спортшы, Паралимпиада ойындарында 1 спортшы ел намысын қорғады. Олимпиада ойындарының нәтижесінде каратэ спорт түрінен екі спортшымыз екі қола медальді ел қоржынына салса, бокстан бір спортшымыз жарысты 5-ші орынмен аяқтады. Сонымен қатар Азия чемпионаттарында Шымкент қаласының спортшылары едaуір жетістіктерге жетіп 36 алтын, 30 күміс және 18 қола медальға ие болған. Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 477 алтын, 365 күміс және 420 қола медальды жеңіп алған. Сондай-ақ, 2021 жылы өңірден Қазақстан Республикасының құрама сапына 885 спортшымыз енгенін айта кету керек. Құрметті спортшылар, жаттықтырушылар алдағы болатын үлкен додаларда Тәуелсіз Еліміздің намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрінетіндеріңізге кәміл сенемін, - деді М.Исахов.
Жиын барысында Мақсұт Пернебайұлы спортта жеткен жетістіктері үшін спортшылар мен жаттықтырушыларды, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің шешімімен 2021 жылдың Қазақстан Республикасының «Үздік спорт мектебі» атанғына ие болған Шымкент қаласының жоғары спорт шеберлігі мектебінің ұжымын Шымкент қаласы әкімінің атынан құттықтады. Спортшыларға арнайы диплом, статуэтка мен қаржылай сыйлықтар табысталды.