Вирус тарайды: Шымкентте тұрғындар мен шенеуніктер стадион үшін жаға жыртысуға дейін барды

0
979

Тұрғындар өз тарапынан қол жинап Президентке дейін шағымдануды жоспарлап отыр.


Вирус тарайды: Шымкентте тұрғындар мен шенеуніктер стадион үшін жаға жыртысуға дейін барды

фото: кадрдан скрин

Шымкентте тұрғындар мен шенеуніктер стадион үшін жаға жыртысуға дейін барды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Тұрғындардың қарсылығына себеп болған жайт, Қызылжар шағын ауданында орналасқан спорттық алаң орнына емхана салу жоспарланыпты. Ал, жергілікті халық болса, 60 жылдық тарихы бар стадионды жекенің қолына бере салуға кесе көлденең қарсы. Бұл жерге емхана түсетін болса, жақын маңда орналасқан үйдің тұрғындарына вирус тарайма деп қорқатындарын жасырмайды.

«Абай районы бойынша екі стадион бар. Анау металург оны частныйға сатып жіберді, оған бару үшін ақша төлеу керек. Мына жер тегін. Салынатын больница сіздердің игіліктеріңіз үшін. Бізге керек емес больница», - дейді тұрғындар.
Ұлардай шулаған тұрғындар аумағы 3 гектарға жуық стадиондарын ешкімге бергісі келмейді. Себебі, дәл осы спорт алаңында бас-аяғы 300-ге жуық жасөспірім тегін жаттығып, тіпті алды республикалық және азиялық жарыстарда топ жарып жүр екен. Бірақ, стадион орнына мемлекеттік емхана салынатын естіген жергілікті жұрттан маза қашып, дүрбелеңге түскен.
«Біз өзіміз футбол ойнап, осы жерде өскенбіз барлығымыз. Бұл стадионнан басқа стадион жоқ. Бұл жерге егер де поликлиника соғатын болса, бұл жерде қаншама вирус бар. Халықтың үйлері жақын барлық жерге. Мысалы, Асардан мүмкін. Үйлері алыс. 500 метрден алыс. Жақын жерлерге болуы керек емес. Келіп поликлиниканы именно осы жерде соғады. Не үшін стадионды жоқ қылып, олар поликлиника соқпақшы», дейді қала тұрғыны Сұлтанбек Садықов.

Ал, стадион мен емхана жырына ақ жағалылардың өзіндік базынасы бар. Яғни, індет күшейіп кететін болса, дәл осы шағынаудандағы ескі емхана науқастарды қабылдауға жарамсыз күйде екен. Сол себептен, жеке инвестор есебінен замануи емдеу мекемесін салуды жоспарлаған көрінеді.

«Тұрғындарға спорт алаңшасы өте керек. Ол жерде айтылған екі-үш жерде бос жерлер бар. Сол бос жерлерге спорт алаңшаларын жеке инвестор есебінен салып береміз деп айтқанбыз. Енді ол жерде ескі аурухана орны бар 1 гектар жер. Сонымен қатар, аэрапорт алдында 2 гектар жер бар. Ол жеке кәсіпкердің жері. Бірақ кәсіпкер ол жерді беруге дайын тұр. Бірақ енді тұрғындар ол жерге келісім бермей отыр», дейді Абай ауданы әкімі Бұхарбай Парманов.

Айтысып, тартысқан қос тарап ортақ келісімге келе алмады. Аудан әкімі мен тиісті басқарма басшылары халықпен түсіндірме жұмыстары жүргізілетін жеткізсе, ал тұрғындар өз тарапынан қол жинап президентке дейін шағымдануды жоспарлап отыр. Тіпті, стадионда емхананың құрылыс жұмыстары басталатын болса, күндіз-түні спорт алаңында қонуға дайын екендерін жеткізді.