Жыл соңына дейін Тұран шағын ауданында орналасқан 888 пәтерді беру көзделген.
Шымкентте Жастар бағдарламасы бойынша арендалық тұрғын үйге өтінім қабылдау басталады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Шымкент қаласы тұрғын ұй басқармасы басшысының орынбасары Сарғалдақов Нұржан Қыдырбайұлы мәлімдеді.
«Шымкент қаласы бойынша 35 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар бағдарламасына өтінімдер қабылдау 2023 жылдың 8 қараша күні сағат 09-00 ден бастап 10 қараша күні сағат 19-00 аралығында жүргізіледі»,- деген спикер конкурстың талаптарымен таныстырып өтті.
Қатысушыларға қойылатын басты талаптар:
- жасы 35 жасқа толмаған жұмыс істейтін жас болуы тиіс;
- өтінім берушінің соңғы 5 жылда Қазақстан Республикасы аумағында иелігінде тұрғын үй тіркелмеуі;
- Өтініш берушінің Шымкент қаласында соңғы 3 жылда тұрақты тіркеуде болуы, сонымен қатар, өтініш берушінің отбасы мүшелерінің осы елді мекенде тұрақты тіркелуі;
- өтініш берушінің ай сайынғы табысы 40 АЕК (138 000 теңгеден) асуы шарт.
Жұмыс істейтін жастар бағдарламасына қатысу үшін қажетті құжаттар тізімі:
білімі туралы құжаттың көшірмесі;
жұмыс орнынан анықтама;
өтініш берушінің ай сайынғы табысын кемінде 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде растайтын соңғы алты ай ішіндегі табысы туралы анықтама;
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын заң жүзінде көрсетілген құжаттар (еңбек кітапшасы, аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірмелер);
банктік шоттың болуы және нөмірі туралы анықтама және банктік шот бойынша ақшаның қалдығы және қозғалысы туралы үзінді;
өтініш берушінің түрлі қызмет салаларындағы жеке жетістіктерін растайтын құжаттар (бар болса).
жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме (соңғы 6 ай үшін);
жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың бүкіл кезеңі үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені туралы хабарлама (куәлік);
жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде жеке кәсіпкер ретіндегі қызметтің соңғы жылындағы кірістер бойынша салық декларациясы;
Бағдарламаға қатысушылар «kezekte.kz» электронды порталында ЭЦҚ (электронды цифрлық қолтаңбасы ) арқылы өтініш бере алады.
Балдарды есептеу балдық жүйе бойынша жүзеге асырылады:
1) нарықта сұранысқа ие мамандықтар бойынша жоғары немесе арнаулы орта білім беру мекемелерінде кәсіпті меңгерген өтініш берушіге – 10 балл;
2) отбасы болған жағдайда - 5 балл;
3) 1 (бір) бала болған жағдайда - 1 балл, әрбір кейінгі бала үшін - 2 балл;
4) кемінде 1 жыл жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған кезде – 5 балл, әрбір жыл үшін – 1 балл;
5) өтініш берушінің түрлі қызмет салаларында жеке жетістіктері болған жағдайда - 2 балл;
6) бюджеттік ұйымдардағы (мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындарда) еңбек қызметі үшін – 5 балл, еңбек өтілінің әрбір жылы үшін – 1 балл;
7) өтініш берушінің екінші деңгейлі банктердің жинақ шоттарында (депозиттерінде) жинақтаған әрбір жыл үшін және шотында кемінде 40 айлық есептік көрсеткіш қалдық болған жағдайда – 2 балл.
Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру мынадай пайыздық арақатынаста жүзеге асырылады:
Жалға берілетін тұрғын үйдің 60 % – некеде (ерлі-зайыптылықта) тұрған өтініш берушілерге;
Жалға берілетін тұрғын үйдің 40 % – некеде (ерлі-зайыптылықта) тұрмаған өтініш берушілерге.
Аталған бағдарлама бойынша жыл соңына дейін Тұран шағын ауданында орналасқан 888 пәтерді беру көзделген.
Айта кету керек бұл бағдарлама бойынша 2020 жылы – 904 азамат, 2021 жылы – 300 азамат, 2022 жылы 857 азамат пәтермен қамтылған болатын.