Жазатайым оқиғалардан зардап шеккен азаматтарға шұғыл медициналық көмек көрсетеді.
Шымкенттік фельдшер республикалық сайыстарда үздіктер қатарынан көрінді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Марзия Оспанова – жүзден аса науқасқа сәтті реанимация жасап, ажалдан арашалап қалған абзал жандардың бірі. Білікті маман жедел жәрдем қажет ететін науқастарға шұғыл көмек көрсетуде өзінің кәсібилігін танытып келеді.
Марзия Тойшыбекқызы Шымкент қаласындағы жедел жәрдем станциясында 32 жылдан бері еңбек етеді. Жедел медициналық көмек көрсету станциясының қызметкері өмірге қауіп төндіретін жағдайлар, жазатайым оқиғалардан зардап шеккен азаматтарға шұғыл медициналық көмек көрсетеді.
– 103 қызметінде сәтті реанимациялықкөмек көрсету өте маңызды. Өйткені, біз сәтті реанимациялық көмек көрсету арқылы жүрегі тоқтап қалған науқастарды ажалдан арашалап қаламыз. Бірнеше жыл бұрын сәтті реанимация жасағаным ерекше есімде қалды. Қаладағы дәмханалардың бірінен шақыртуға түскен. Инфаркт алған ер кісіге щұғыл медициналық қызмет көрсеттік. Реанимациялық көмек көрсету өте қиын өтті. Дегенмен барлығы сәтті аяқталып, науқасты кардиологиялық орталыққа жеткіздік. Осындай әрбір күрделі жағдайларда шыңдалып, тәжірибемді арттырып келемін, – дейді фельдшердің өзі.
М.Оспанова – қазіргі уақытта жедел жәрдем қызметіндегі фельдшерлердің тәлімгері. Олармен үнемі практикалық дағдылар бойынша оқыту жүргізеді. Түрлі шұғыл жағдайларда науқастарды құтқарады және көмек көрсетуде аянбай еңбек етіп келеді. Марзия Оспанова бірнеше рет республикалық сайыстарға қатысып, үздіктер қатарынан көрінген.