ЖОЛДАУ: Шымкентте кәсіпорын жұмысшыларымен кездесу өтті

0
577

Кездесуде мекеме жұмысшылары айтылған мәселелер бойынша сұрақ жауап алмасып, ой-пікірлерімен бөлісті.


ЖОЛДАУ: Шымкентте кәсіпорын жұмысшыларымен кездесу өтті

Шымкент қаласында ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру бойынша ақпараттық-насихаттық топтың мүшелері Сайрам тұрғын алабындағы «Юнекс» ЖШС-нің жұмысшыларымен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Кездесуде Шымкент қаласы Қоғамдық кеңестің мүшесі, «Оңтүстік Қазақстан жылыжай жұмыскерлері қауымдастығының» төрағасы Мырзахмет Сынабаев Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айқын көрсетілген негізгі бағыттарды атап көрсетті.
- Жолдау – мемлекеттілікті одан әрі нығайтуды, азаматтардың құқықтарын қорғауды жетілдіруді және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін маңызды құжат. Онда Қазақстанның жаңа экономикалық саясатының басым бағыттары айқындалған. Жаңа экономикалық саясаттың негізгі мәні – ұлттық байлықтың игілігін барлық азаматтар көре алатындай әділетті экономикалық жүйе құру. Сонымен қатар, жаңадан кәсіп бастаушылар мен кәсіпкерлерді қолдау, жұмыссыздық мәселесін шешуде оң бетбұрыстар жасалмақ. Қазіргі таңда жаңа өндіріс орындарын ашу, жұмысшыларға жағдай жасау, мамандар даярлауға көңіл бөлінуде. Нарықтық кезеңге сәйкес, шығарылған өнімдер де бәсекеге қабілетті болуы тиіс, -деді М.Сынабаев.

Кездесуде мекеме жұмысшылары айтылған мәселелер бойынша сұрақ жауап алмасып, ой-пікірлерімен бөлісті.

Сонымен қоса, «Петроказахстан» компаниясының қызметкерлерімен жиын өтті. Жиында қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі, жеке кәсіпкер Ербол Жолбарысов Жолдаудың мән-маңызына тоқталып өтті.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында экономикалық және әлеуметтік салаға көңіл аударды. Соның бірі – ең төменгі жалақы мөлшері 2023 жылдан бастап 70 мың теңге болады. Қазіргі таңда экономиканың негізгі қозғаушы күші саналатын шикізатқа тәуелділіктен біртіндеп арылып, шағын және орта кәсіпті дамыту маңызды болып тұр. Оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің орны бөлек. Көптеген жұмыс орны осы жоба аясында іске асырылуда. Ал әлеуметтік даму дегенде ойға, ең алдымен, денсаулық сақтау саласын дамыту, әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасының өсуіне мораторий жариялау, бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы мерзімін 1 жылдан 1,5 жылға ұзартылды. Бұл ел игілігі үшін жасалып отырған нақты қадамдар, - деді Е.Жолбарысов.

Жақында ғана Президент Шымкентке жасаған сапарында аталған компанияның жұмысшыларымен кездескен болатын. Жиын соңында компания қызметкерлері Мемлекет басшысының жолдауын бірауыздан қолдайтынын жеткізді.

Қала аумағында мұндай ақпараттық-насихаттық топтың жиындары жалғасын табатын болады.