Шымкент әкімі қаланың қақ ортасында "жүгіріп жүретін" қойларға күйініп кетті
ERNUR.KZ. Велосипед мініп елдің көзіне түскен Шымкенттің "зың" әкімі енді қаладағы үй жануарларымен күресуге кірісті деп, жазады nur.kz.
Шымкентте елбасы жолдауы жаңа форматта түсіндірілді. Қала активімен жиын өткізген шаһар "мэрі" су жаңа мегаполистің көркіне нұқсан келтіріп отырған жайттарға шүйлікті.
Соның ішінде орталық көшелерде жүретін қойлар және өзге де жануарлар әкімге жақпай қалды.
"Біздің қалада өздеріңіз көресіздер, кейбір кезде қаланың орталығында да малдар жүгіріп жүреді. Соның бәрін тоқтату мәселесін ойластыру керек. Қалада үй жануарын асырайтындардың бар екені түсінікті. Бірақ, орталықта асырауды тоқтату керек. Бұл халықтың жақсы өмір сүруіне кедергісін келтіреді", - деген Ғабидолла Әбдірахымов үйінде мал ұстайтын жандардың көршілері әкімдікке көптеген шағым түсіріп келе жатқанын да тілге тиек етті.
"Мал ұстайтындар көршілерінің тұрмысына да кедергісін келтірмей қоймайды. Себебі бізге көптеген шағым түсті. Сондықтан бұл мәселені шешу қажет. Ауыл шаруашылығы басқармасына тиісті тексеру мен зерттеу жұмыстарын жүргізуді тапсырамын", - деді Шымкент басшысы.
Айта кетерлігі, әкімдікте өткен жиында білім, денсаулық, шаһардың инфраструктурасы сынды көптеген мәселелер көтеріліп, нақты тапсырмалар берілді.