Жарысқа Астана, Алматы, Шымкент, Көкшетау, Теміртау, Семей, Өскемен қалалары мен Ақтөбе, Түркістан, Қарағанды, Қызылорда облыстарынан 100-ден астам ойыншы қатысып, бақ сынады.
ERNUR.KZ. Астанадағы «Дәулет» теннис орталығында ересектер арасында Қазақстанның VІ жазғы спартакиадасы мәресіне жетті, деп жазады ҚазАқпарат.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткендей, жарысқа Астана, Алматы, Шымкент, Көкшетау, Теміртау, Семей, Өскемен қалалары мен Ақтөбе, Түркістан, Қарағанды, Қызылорда облыстарынан 100-ден астам ойыншы қатысып, бақ сынады.
Әйелдер арасында 16 жасар алматылық Полина Слепцова айды аспанға шығарып, финалда әлемнің 500-ракеткасы, шымкенттік Гөзал Айнитдинованы жеңді – 6:1, 3:2 (бұдан кейін Гөзал бәсекені жалғастырудан бас тартты).
Қола жүлде үшін жекпе-жекте алматылық Асылжан Арыстанбекова астаналық Ульяна Романованы қапы қалдырды – 6:4, 6:2.
Жұптық сында Полина мен Асылжан елордалықтар У.Романова – Аружан Сағындықованы ойсырата ұтты – 6:1, 6:1. Ақтөбеліктер Әміре Қазтуған мен Зинира Жүнісова қола жүлдегер атанды.
Ерлер арасында соңғы бәсекеде қызылордалықтар Тимур Мәуленов пен Ерасыл Ерділдә алтын үшін таласты. Ерасыл жасырақ болғанымен, Тимур допты жақсы беріп, сенімді ойнады – 6:3, 6:4.
Биыл еліміздің қысқы чемпионатында Т.Мәуленов үздік шыққан еді. Спартакиаданың қола медалі теміртаулық Григорий Ломакинге бұйырды.
Есеп 6:0 болғаннан кейін қарсыласы, алматылық Никита Сидоров бәсекені жалғастырудан бас тартты.
Жұптық сында финалда алматылықтар Даниил Фелькер – Никита Сидоровтан айласын асырған Г.Ломакин мен қарағандылық Виталий Зацепин жеңімпаз атанды. Қола жүлде Т.Мәуленов пен Е.Ерділдәнің еншісінде.
Жалпыкомандалық есепте алматылықтар озып шықса, қызылордалықтар – екінші, астаналықтар үшінші орынға көтерілді.