Алматыда шахматтан Азия чемпионатының жеңімпаздары анықталды

0
702

Қазақстандық шахмат федерациясы хабарлағандай, жарыстың қорытындысы бойынша өзбекстандық гроссмейстер Шамсиддин Вохидов «Азияның шахмат королі» атанды (FIDE рейтингі 2583, ең жоғары - 7 балл жинады).


Алматыда шахматтан Азия чемпионатының жеңімпаздары анықталды

ERNUR.KZ. Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында шахматтан Азия құрлықтық чемпионатының салтанатты жабылу шарасы өтті, деп жазады ҚазАқпарат.

Қазақстандық шахмат федерациясы хабарлағандай, жарыстың қорытындысы бойынша өзбекстандық гроссмейстер Шамсиддин Вохидов «Азияның шахмат королі» атанды (FIDE рейтингі 2583, ең жоғары - 7 балл жинады).

Ирандық гроссмейстер Бардия Данешвар күміс медаль иегері атанды (FIDE рейтингі 2555, 6,5 ұпай жинады).

Қазақстандық шахматшы Әлішер Сүлейменов қола медальға ие болды (FIDE рейтингі 2463, 6,5 ұпай).

Төртінші орынды Үндістаннан келген гроссмейстер Абхиманью Пураник иеленді (FIDE рейтингі 2555, 6,5 ұпай).

Әйелдер арасында «Азияның шахмат тәжін» үндістандық шахматшы Дивье Дешмух иеленді (FIDE рейтингі 2389, 7,5 ұпай).

Күміс медальді Үндістан гроссмейстері Мари Анн Гомес иеленді (FIDE рейтингі 2315, 6,5 ұпай).

Қола медальға Моңғолия гроссмейстері Батхуягийн Монгонтуул ие болды (FIDE рейтингі 2397, 6,5 ұпай).

ТОП-5 үздік ойыншылар қатарына қос жерлесіміз Ксения Балабаева (FIDE рейтингі 2186) және Әмина Қайырбекова (FIDE рейтингі 2146) кірді.

Алты жеңімпаз: 4-уі ерлер арасында, 2-уі әйелдер арасында FIDE-2023 әлем кубогына жолдама алды.

Алматыда классикалық шахматтан бөлек 3 маусымда блицтен Азия чемпионаты өтті. Онда қазақстандық FIDE шебері, Семейден келген 20 жастағы Арыстан Исанжулов жеңіске жетті (стандарт рейтингі - 2408, блицтегі рейтинг – 2450).

Екінші орынды үндістандық шахматшы Венкатеша Пранава иеленді.

Үшінші орынға қазақстандық гроссмейстер Денис Махнев ие болды.

Әйелдер арасында қазақстандық шахматшы, FIDE халықаралық шебері Ксения Балабаева алтын медальға ие болды (стандарт рейтингі - 2186, блиц рейтингі – 2113).

Күміс медальға Үндістан шахматшысы Дивье Дешмух ие болды.

Қола медальға моңғол шахматшысы Турмунхийн Мунхзул ие болды.

Сондай-ақ турнир аясында классикалық шахмат ойындарының екі сеансы өтті. 5 маусымда атақты молдовалық шахматшы Виорел Бологан № 1 облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілерімен ойнады, 7 маусымда қазақстандық гроссмейстер, 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Дармен Сәдуақасов 14 тақтада бір мезгілде ойын сеансын өткізді.

«Жарыстың салтанатты жабылу шарасына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мен Азия шахмат федерациясының (ACF) президенті Шейх Сұлтан бин Халифа Әл-Нахаян қатысып, сөз сөйледі. Әсем Нүсіпова қала әкімі Ерболат Досаевтың атынан Алматы қаласын турнирдің қожайыны ретінде таңдағаны үшін Азия шахмат федерациясына және турнирді жоғары деңгейде өткізгені үшін чемпионатты ұйымдастырушы, демеушілерге алғысын білдірді.

Шейх Сұлтан бин Халифа Әл-Нахаян турнирді ұйымдастыру, шетелдік қонақтарды қабылдау және чемпионат шеңберіндегі басқа да іс-шараларға жоғары баға берді. Ол сондай-ақ 2024 жылы Қазақстанда шахматтан балалар арасында Азия чемпионаты өтетінін жеткізді.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне Қазақстан шахмат федерациясының (ҚШФ) бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов пен Freedom Broker басқарма төрағасының орынбасары Түсіп Нүкенов қатысты», - деп хабарлады ҚШФ баспасөз қызметі.