Асхат Ділмұхамедов Токио олимпиадасына жолдама алды

0
890

Бүгін іріктеу айналымында Асхат Ділмұхамедов екі дүркін Олимпиада чемпионы, төрт дүркін Еуропа чемпионы Роман Власовты жеңді.


Асхат Ділмұхамедов Токио олимпиадасына жолдама алды

ERNUR.KZ. Күрес түрлерінен Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық балуан Асхат Ділмұхамедов Олимпиада жолдамасын иеленді. Грек-рим күресінен 77 келіде белдесетін ол әлемдік сынның жартылай финалына өтті деп хабарлайды Olympic.kz.

Ширек финалда Асхат Ділмұхамедов сербиялық балуанды Виктор Немешті 4:3 есебімен жеңіп, өз жеріміздегі әлем біріншілігінің жартылай финалына өтті.

Грек-рим күресінің ережесі бойынша лицензиялық әлем чемпионатында 1-ден 6-ші орынға дейінгі аралықта орын алған балуандар Олимпиада жолдамасына ие болады.

Осылайша, Асхат Ділмұхамедов Токио Олимпиадасының лицензиясына қол жеткізді. Бүгін 60 келідегі Мейрамбек Айнағұлов та жолдама иеленген болатын.

Асхат Ділмұхамедов 1986 жылы 26 шілдеде дүниеге келген. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Азия чемпионы және Азия чемпионаттарының қола жүлдегері.

Бүгін іріктеу айналымында Асхат Ділмұхамедов екі дүркін Олимпиада чемпионы, төрт дүркін Еуропа чемпионы Роман Власовты жеңген болатын.

Бүгінге дейін #TEAMKZ спортшылары 14 лицензия жеңіп алды. Атап айтар болсақ, Мейрамбек Айнағұлов (грек-рим күресі), жүзуден Дмитрий Баландин (100, 200 метрге брасс әдісімен жүзу), Екатерина және Александра Немич (синхронды жүзу), жеңіл атлеттер Ольга Рыпакова мен Георгий Шейко, велоспорттан Евгений Гидич, садақ атудан Қазақстан құрамасы (жекелей сынға Денис Ганькин, Ильфат Абдуллин және Санжар Мұсаев қатысады), спорттық құзға өрмелеуден Ришат Хайбуллин және ашық суда жүзуден Виталий Худяков Олимпиадаға жолдама алды.