Біріншілік қорытындысында 13 салмақ дәрежесі бойынша чемпиондар анықталды.
ERNUR.KZ. Павлодар қаласындағы «Баянтау» спорт сарайында бокстан ерлер арасында Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті, деп жазады ҚазАқпарат.
Біріншілік қорытындысында 13 салмақ дәрежесі бойынша чемпиондар анықталды.
Финалдық бәсекеде 48 келіге дейінгі салмақта 2021 жылғы әлем чемпионы, Ақмола облысының өкілі Теміртас Жүсіпов алматылық Ернұр Қайраттан тәжірибесі мен шеберлігінің басым екендігін көрсетті.
Алматы облысынан келген Дамир Әбдіқадыр (51 кг) батысқазақстандық Даниял Сәбитпен жұдырықтасты. Бұл салмақта төрешілер шешімімен жеңіс Д.Әбдіқадырға берілді. Осыдан екі жыл бұрын 18 жасында финалда Т.Жүсіповті ұтып, Қазақстан чемпионы атанған Д.Сәбит өткен жылы Санжар Тәшкенбайға есе жіберсе, биыл да күміс жүлдені қанағат тұтты.
Бұдан кейін 54 кг салмақта 19 жастағы қызылордалық Нұрсұлтан Алтынбек ақтөбелік Бекзат Алдамжаровтан айласын асырды.
57 келіге дейінгі салмақта финалда ақмолалық Оразбек Асылқұловпен бокстасқан павлодарлық Ерболат Сабырдың қолы көтерілді.
Қарағандылық Талғат Сырымбетов (60 кг) Алматы облысының өкілі Ерасыл Таңқайды қапы қалдырса, биылғы Азия чемпионатында ел намысын қорғаған маңғыстаулық Санатәлі Төлтаев 63,5 келіге дейінгі салмақта түркістандық Мұхамедсабыр Базарбайұлын жеңді.
Шымкенттік, 19 жастағы Абзал Серік (67 кг) түркістандық Темірхан Тезекті тізе бүктірсе, Абай облысынан келген Ермахан Жакпеков (71 кг) батысқазақстандық, 20 жастағы Сабыржан Аққалықовты ұтты.
Жамбылдық Диас Молжігітов (75 кг) павлодарлық Аятулла Тәкіжановтан басымдылығын байқатса, тағы бір абайлық, Ермаханның інісі, 20 жастағы Ерасыл Жакпеков (80 кг) ақтөбелік Жәнібек Қартбаевты жеңді.
Осылайша, бір үйден ағайынды Жакпековтер Қазақстан чемпионы атанды. Жалпы, елімізде ағайынды Нұрбек пен Айбек Оралбай және Санатәлі мен Саматәлі Төлтаевтың табысты өнер көрсетіп жүргені белгілі.
Биылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері, түркістандық Сағындық Тоғамбайдың (86 кг) үшінші раундта қасы жарылып, қазылар ұйғарымен павлодарлық Шаймұрат Құсайыновқа жол берді.
Тәжірибелі боксшы, тағы бір түркістандық Абзал Құттыбеков (92 кг) алматылық, спорт шеберлігіне үміткер Данияр Рахимбердиновтің меселін қайырды.
Аса ауыр салмақта атыраулық Аманат Сабырғалимен рингке шыққан алматылық Дамир Тойбайдың бағы жанды.
Сонымен, Қазақстан чемпионаты алдыңғы толқынның ізін баса алатын жас боксшылардың да өсіп келе жатқандығын көрсетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан Қазақстан чемпионатының финалына шыққан спортшылар анықталғанын жазған болатынбыз.