"Бұл – Қазақстанның жеңісі": Жеңіл атлет Нора Джеруто өз рекорды туралы айтты

0
1 048

АҚШ-та өткен әлем чемпионатында қазақстандық спортшы Нора Джеруто әлем чемпионы атанып, жарыстың рекордын жаңартқан еді.


ERNUR.KZ. Спортшы болашаққа деген жоспары және өз рекорды туралы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz.


"Мен әлем чемпионатында жеңіске жеткенім үшін өте қатты қуаныштымын және бақыттымын! Жаңа отанымның атынан өнер көрсетуді асыға күттім. Бүгін өзімді танытып, Қазақстанға әлем біріншілігінде ерекше сыйлық жасағым келді. Қолымнан келді деп үміттенемін", – деді Джеруто.

Спортшы 3 000 метрге кедергілерді еңсере отырып жүгіру бойынша тарихтағы үшінші нәтижеге қол жеткізіп, әлем чемпионатының рекордын жаңартты. Сөзінше, мұндай нәтижеге ол ұзақ дайындық пен үлкен еңбектің арқасында жеткен.

"Бұл менің өмірімдегі маңызды күндердің бірі болды. Барлық команданың сенімі мен үмітін ақтадым. Біріншіден, отбасыма және Қазақстанға сенім артқаны үшін алғыс білдіргім келеді. Қазақстан соңғы бес жылда үлкен қолдау білдіріп, кедергілер арқылы жүгіру кезіндегі әдістер мен техникаларды үйретті. Бұл – жарысқа дайындалудағы маңызды кезең. Бүгінгі нәтиже – барша Қазақстанның жеңісі, тек менікі емес. Мен Қазақстанда жеңіл атлетиканы дамыту үшін бар білімім, тәжірибем мен күшімді салуға әзірмін", – деп бөлісті ол.

Қазір әлем чемпионы Гауһар тас лигасына дайындалып жатыр. Ол беделді жарыста да медаль жеңуге үмітті.

"Өкінішке орай, Азия ойындары болмайтын болды. Дегенмен алдыда талай жаңа жарыстар күтіп тұр. Деңгейді түсіріп алмау үшін қолымнан келгенді жасаймын", – дейді Нора Джеруто.

Еске салайық, Қазақстан жеңіл атлетикадан өз тарихындағы алғашқы алтын медальді жеңіп алған еді.