ERNUR.KZ. Еліміздің параволейболшылары Азия чемпионатының финалына шығып, паралимпиаданың жолдамасын жеңіп алды, деп жазады ҚазАқпарат.
Астанада параволейболдан Азия чемпионаты өтіп жатыр. Елімізде алғаш рет өткізіліп отырған құрлық додасына 8 ел – Қазақстан, Жапония, Таиланд, Иран, Ирак, Оңтүстік Корея, Моңғолия және Үндістаннан 200-ден астам спортшы қатысуда.
Жарыс ерлер мен әйелдер командалары арасында өтеді. Біздің құрама екі санатта да ұсынылған. Қазақстанның ерлер құрамасы – құрлықтағы ең мықты командалардың бірі. Әлемдік рейтингте 7-ші және азиялық рейтингте 2-орында тұр. Ал қыздар үшін бұл – осы деңгейдегі тұңғыш турнир.
Бүгін, елордадағы «Жекпе-жек» спорт кешенінде ерлер арасында жартылай финал ойыны өтті. Онда Қазақстан мен Қытай командасы кездесті.
Бауыржан Тақауов жаттықтыратын Қазақстан командасы бірінші кезеңде басымдық иеленуге тырысқан еді. Алайда, қытайлық спортшылар тартысты ойында 25: 21 есебімен алға шықты.
Екінші кезең дәл осындай есеппен қазақстандық команданың үлесіне жазылды. Бұдан соң Қытай командасы, төртінші кезеңде Қазақстан командасы алға шықты. Шешуші – бесінші кезеңде 15:12 есебімен еліміздің параволейболшылары финалдық сайыста ойнау мүмкіндігін иеленді. Сондай-ақ, Парижде өтетін паралимпиада ойындарының жолдамасын ұтып алды.
Енді 8 шілдеде Қазақстан мен Иран командалары арасында финалдық ойын өтеді.
Еске ала кетелік, бұған дейін Президент параволейболдан Азия чемпионатына қатысушыларға құттықтау хат жолдаған еді.