Еуропа лигасы: «Астана» «Партизанды» жеңе ала ма

0
824

1945 жылдың 4 қазанында құрылған клубы «Партизан» Сербия астанасы – Белград қаласының намысын қорғайды.


Еуропа лигасы: «Астана» «Партизанды» жеңе ала ма

ERNUR.KZ. Бүгін UEFA Еуропа лигасы топтық кезеңіндегі екінші тур ойындары өтеді. Елордалық «Астана» өз алаңында Сербияның «Партизан» командасын қабылдайды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Астана» клубы L тобында сынға түседі. Қарсыластары - «Манчестер Юнайтед» (Англия), АЗ «Алкмар» (Голландия) және «Партизан» (Сербия). Бұдан бұрын «Астана» сырт алаңда «Манчестер Юнайтед» клубынан 0:1 есебімен жеңіліп қалды.

Ал «Партизан» өз алаңында АЗ «Алкмар» клубымен 2:2 есебімен тең түсті.

«Партизан» 1945 жылдың 4 қазанында құрылған. Сербия астанасы – Белград қаласының намысын қорғайды. Өз елінде жоғары жетістіктерге қол жеткізген белгілі клубтардың бірі саналады. Бүгінгі күнге дейін команда барлығы 46 жүлдеге қол жеткізген. Оның ішінде 27 мәрте ел чемпионы атанса, 16 мәрте ұлттық кубокты төбесіне көтерді. Бұдан басқа да жетістіктері аз емес.

Команданың «Партизан» аталу себебі де бар. Аталмыш клуб екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған жылы құрылған. Команда құрамына негізінен серб партизандары тартылды. Сондықтан аталмыш клубқа сол атау таңдалып алынды. «Партизан» құрылған күнінен бір күн өткеннен кейін Сербия ұлттық құрамасымен кездесу өткізді. Бұл кездесуде 4:2 есебімен жеңіске жетті. 1946/1947 жылғы кезеңде Югославия чемпионатында чемпион атанып үлгерді.

«Партизан» 1965/1966 жылғы кезеңде Еуропа чемпиондары кубогында тәп-тәуір нәтижеге қол жеткізді. Сол жолы команда аталмыш турнирдің финалдық кезеңіне дейін сүрінбей жетті. Финалда Испанияның «Реал Мадрид» клубымен шеберлік байқасты. Ойынның 70-минутына дейін серб футболшылары 1:0 есебімен алда тұрған еді. Дегенмен кездесу 2:1 есебімен испандық клубтың жеңісімен аяқталды. Бұл жеңілісіне қарамастан аталмыш оқиға команда тарихында алтын әріптермен жазылып қалды. Сондай-ақ, бұл команда 1955/1956, 1963/1964 жылғы кезеңдерде аталмыш турнирдің финалдық сатысына дейін жетті. Өз елінің біріншілігінде «Црвена Звезда» командасымен үнемі бәсекеге түсіп жатады. Жергілікті жанкүйерлер екі команда арасындағы бәсекені әрдайым асыға күтеді.

«Партизан» қазақстандық клубтармен бұған дейін жолы түйіскен емес. Сондықтан «Астанамен» ойын олар үшін тарихи кездесудің бірі болады. «Астана» құрамында Ненад Эрич, Антонио Рукавина сынды серб футболшылары бар.

Бүгінгі кездесу елорда уақытымен 20.50-де басталады. Кездесу Qazaqstan телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.