Кездесуде Қазақстан қыздары қарсыласын 31:25 есебімен тізе бүктірді.
ERNUR.KZ. Бүгін гандболдан әлем чемпионатында Қазақстан қыздар құрамасы үшінші ойынын Иранға қарсы өткізді, деп жазады ҚазАқпарат.
Қазақстан қыздары С тобында сынға түсті. Қарсыластары - Норвегия, Румыния және Иран құрамалары.
Бүгінгі кездесуде қазақстандық гандболшылар сәтті ойын көрсетті. Нәтижесінде бірінші кезеңде қарсыласынан 14:10 есебімен басым түсті.
Екінші кезеңді де дәл осындай қарқында өткізді. Қазақстандық ойыншылар өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Бұл кезеңде олар қарсыластар қақпасына 17 гол соқса, өз қақпасына 15 гол жіберіп алды.
Кездесуде Қазақстан қыздары қарсыласын 31:25 есебімен тізе бүктірді. Осылайша жарыстың негізгі сатысына шықты.
Айта кетсек, екі құрама арасындағы бүгінгі кездесуде үшінші орын тағдыры шешіледі. Әрбір топтан үздік үштікке іліккен құрамалар жарысты жалғастыруға мүмкіндік алатын. Алғашқы екі кездесуде жеңіске жеткен Норвегия мен Румынияға ондай мүмкіндікке ертерек ие болған еді.
Еске салсақ, бұдан бұрын ұлттық құрама Норвегия мен Румынияға есе жіберді.
Әлем чемпионаты 1-19 желтоқсан аралығында Испанияның Лирия, Кастельон, Гранольерс, Торревьеха қалаларында өткізіледі. Дүбірлі додада барлығы 32 құрама бақ сынайды.