Илья Ильин Дохадан жүлдесіз қайтты

0
1 031

Байрақты бәсекеде Қазақстан қоржынына жалғыз медаль түскен.


Илья Ильин Дохадан жүлдесіз қайтты

ERNUR.KZ. Бүгін Доха қаласында ауыр атлетикадан Қатар елінің лицензиялық Кубогы аяқталды. Оның қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы небәрі бір-ақ медаль жеңіп алды, деп жазады Елорда Инфо.

Қатар астанасында Қазақстан құрамасының намысын жеті зілтемірші қорғады. Олардың арасында Олимпиада чемпионы Нижат Рахимов, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Ұланов, сол сияқты әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин болды. Бірақ олардың біреуі де Дохада өткен бәсекеде жеңіс тұғырынан көріне алмады.

Нижат Рахимов 81 келі салмақта 7-орыннан көрінсе, Ұланов 10-орынға табан тіреді. Ал 96 келіде жарыс жолына шыққан Илья Ильин тек 5-орынды қанағат етуге мәжбүр болды.

Жарыстың соңғы күні 109 келі салмақта сынға түскен Ибраһим Берсанов 4-орынға тұрақтады.

Бұрымдылар арасында үздіктердің қатарына ешкім іліге алмады. Екатерина Быкова (76 кг) 7-орын алса, Раушан Мешітханова (87 кг) – 4 орын.

Байрақты бәсекеде Қазақстан қоржынына жалғыз медальды 61 келі салмақтағы Игорь Сон жеңіп алды. Ол өз салмағында қарсыластарынан қара үзіп, алтын жүлдеге ие болды.

Айта кетейік, Қатар Кубогы әлемдік күнтізбедегі дәстүрлі жарыстардың бірі. Биылдан бастап турнир лицензиялық статусқа ие болды. Оған қатысу рейтингтік ұпай жинауға, сондай-ақ олимпиадалық біліктілік кезеңінде алты қажетті старттардың бірін жабуға мүмкіндік береді.