Қазақстан барысы: БҚО палуандары неліктен жарыстан шеттетілді

0
395

Қазақ күресі ассоциациясы аталған спортшыларға қатысты шешім шығарды.


Қазақстан барысы: БҚО палуандары неліктен жарыстан шеттетілді

ERNUR.KZ. «Қазақстан барысы» республикалық турниріне батысқазақстандық спортшылар қатыспайды. Оның себебін «Қазақ күресі» қауымдастығы төрешілер алқасының төрағасы Қайрат Пазылбек айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Облыстық іріктеу кезеңінде жарыс ережесін өрескел бұзу және спорттық этиканы сақтамау фактілері анықталды. Атап айтсақ, 9-10 мамыр аралығында Сырым ауданы Жымпиты ауылында өткен іріктеуде бірқатар ереже бұзу фактілері болды. Бұған дейін аудандық іріктеуде жеңілген Теміржан Күлібаев Бөрілі ауданының атынан күрескен. Сонымен қатар Нұрымжан Ғаббасов Сырым ауданы атынан күрескен. Екеуі де бұған дейінгі іріктеуде ұтылып қалған. Олар Орал қаласынан іріктеуге қатыспақшы болады. Турнир ережесіне сәйкес бір ауданның атынан қатысқан палуан басқа ауданның атынан қатыса алмайды», - деді Қайрат Пазылбек елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, қазақ күресі ассоциациясы аталған спортшыларға қатысты шешім шығарды.

«Оған сәйкес ережені бұзған палуандар турнирден шеттетілді. Неше жылға екенін нақты білмедім. Шешім тек аталған екі палуанға қатысты емес, біраз спортшы жарыстан шеттетілді», - дейді ол.

Бұған дейін турнир ұйымдастырушылары жарысты өткізуге бөлінген қаржының жұмсалу заңдылығына түсінік берген еді.