Қазақстандық үш балуан әлем чемпионы атанды

0
948

Әлем чемпионатының финалдық ойындары 55, 60, 90, 100 және 100 келіден жоғары салмақта өткізілді.


Қазақстандық үш балуан әлем чемпионы атанды

ERNUR.KZ. Бүгін Ақтөбе қаласында өтіп жатқан қазақ күресінен әлем чемпионатында бірқатар салмақтар бойынша жеңімпаздар анықталды, деп жазады ҚазАқпарат.

Әлем чемпионатының финалдық ойындары бүгін 55, 60, 90, 100 және 100 келіден жоғары салмақта өткізілді. Ақтық сынға қазақстандық үш балуан шықты. Олардың қатарында Дәулет Ниетбай (55 келі), Нұрым Сәлімгереев (100 келі) және Руслан Әбдіразақов (100 келіден жоғары) бар. Үш спортшымыз да «алтыннан» алқа тақты.

Дәулет Ниетбай боз кілемде моңғол елінен келген қарсыласынан басым түсті. Ал Нұрым Сәлімгереев грузиялық Давид Лориашвилидің жауырынын жерге тигізді. Руслан Әбдіразақов та ресейлік Роман Бобиковтің осал тұсын таба алды. Естеріңізге сала кетелік, Роман Бобиков желтоқсан айының басында өткен «Әлем барысы» турнирінде Айбек Нұғымаровты жеңіп кеткен болатын.

Өзге салмақтағы кездесулерге тоқталсақ, 60 келідегі моңғолиялық Батцерен Енебиш өзбекстандық Отарбек Хасановты жеңсе, 90 келіде грузин Паата Гвиниашвилли жапониялық Санхоэ Юкиден басым түсті.

Айта кетейік, бүгінгі белдесулерде Ержан Еренқайыпов (60 келі) пен Әділжан Ыстыбаев (90 келі) қола жүлдегер болды.

Әлем чемпионатында енді қазақстандық үш балуан сынға түседі. Олардың қатарында Қуаныш Ысқақов (66 келі), Айдос Налымов (74 келі) боз кілемге шығады. Бұл салмақтағы белдесулер 16 желтоқсанда өткізіледі.