Ольга Рыпакова 2020 жылғы Токио Олимпиадасының лицензиясын жеңіп алды

0
965

Биылғы сәуір айында кезекті жаттығу кезінде жарақат алып қалған Ольга соның кесірінен Дохада өткен Азия біріншілігі мен басқа да байрақты бәсекелерге қатыса алмай қалған еді.


Ольга Рыпакова 2020 жылғы Токио Олимпиадасының лицензиясын жеңіп алды

ERNUR.KZ. Ольга Рыпакова 2020 жылы Токиода өтетін XXXII жазғы Олимпиада ойындарының лицензиясын жеңіп алды, деп жазады altaynews.kz.

Бір қызығы, жерлесіміз бұл жолдамаға жаңа маусымда өзі қатысқан алғашқы жарысында-ақ қол жеткізді.

Жақында Алматыда екі күнге созылған ел чемпионаты мен кубогы үшін сайыстар аяқталған болатын. Бұл додаларға еліміздің барлық облысы мен қалаларынан келген 360-тан астам спортшы қатысқан-ды. Аталмыш сында біздің облыстың намысын 47 атлет қорғады. Соның бірі ауыр жарақатынан енді ғана айыққан Ольга Рыпакова болды.

Естеріңізге салайық, биылғы сәуір айында кезекті жаттығу кезінде жарақат алып қалған Ольга соның кесірінен Дохада өткен Азия біріншілігі мен басқа да байрақты бәсекелерге қатыса алмай қалған еді. Рыпакованың тіптен Алматыда ұйымдастырылатын жарысқа қатысу-қатыспауы да екіталай болатын. Дегенмен, тәуекелге бел буған жерлесіміз жарысқа қатысып, нәтижесінде ешкім күтпеген көрсеткішті көрсетті. Үш қарғып секіруден сынға түскен өскемендік атлет 14 метр 37 сантиметрге тең ұзындықты еңсеріп, жарыс жеңімпазы атанды. Осы ретте жерлесіміз екінші және үшіні орындарға табан тіреген қарағандылық Мария Овчинникова (13,79 метр) мен алматылық Лаура Ахметовадан (12,92 метр) әжептәуір ұзап кеткенін айтқан жөн.

Осылайша, Рыпакова ә дегеннен Олимпиада лицензиясын жеңіп алды. Еске салайық, бұл шығысқазақстандық спортшының мансабындағы төртінші Олимпиада ойындары болайын деп тұр. Бұған дейінгі үш додада Ольга бір алтын, бір күміс және бір қола медальға ие болған-ды.

Айта кетейік, Алматыда өткен додада шығысқазақстандық спортшылар барлығы 35 медаль жеңіп алды.