"Ордабасының" бастапқы құрамында бірде-бір жергілікті футболшы болмады.
Шымкенттің "Ордабасы" футбол клубы Қазақстан премьер-лигасының бірінші турында Қарағандының "Шахтерынан" басым түсті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қажымұқан атындағы орталық стадиондағы ойын 3:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді.
Ал "Ордабасының" бастапқы құрамында бірде-бір жергілікті футболшы болмады. Алаңға 6 жаңа ойыншы шықты.
Ойынды екі команда да белсенді бастады. Дегенмен, Кахабер Цхададзенің шәкірттері ширақ көрінді. Ойындағы алғашқы сәт 7-минутта пайда болды. Бірақ, командаға жаңа келген Жоао Пауло қарсыластың қақпасын бағындыра алмады. 17-минутта Алексей Щеткин есеп ашпақ болғанымен, "Шахтер" қақпашысы Игорь Шацкий командасын сақтап қалды. Алғашқы тайм 0:0 есебімен аяқталды.
Есеп тек 70-минутта ашылды. Жоао Пауло "Ордабасы" сапындағы алғашқы голын салды. Араға 7 минут салып алаң иелері есепті еселеді. Екінші доптың авторы - Махлангу Май Сифиве. Тағы 3 минуттан кейін Жоао Пауло дубльдің авторы атанып, қорытынды есепті орнатты.
Келесі ойынды "Ордабасы" 15 наурызда өз алаңында "Ақтөбемен" өткізеді.