​«БЕСТЕМШЕ» ұлттық ойыны ұмытылып бара ма?

0
213

Ұмыт бола жаздаған ойындардың бірі- БЕСТЕМШЕ ойыны.


​«БЕСТЕМШЕ» ұлттық ойыны ұмытылып бара ма?

фото: ust.kz

Ата-бабаларымыздан мирас болып келе жатқан ұлттық ойындарымыз көп-ақ. Олардың ішінде асыл мұрамызды ұрпақтан ұрпаққа дәріптеу, балалардың бойында қазақ халқының мәдени мұрасына құрмет сезімін қалыптастыруға үгіттейтін ұлттық ойын түрлері жетерлік. Ептілікке, мергендікке, ұқыптылық пен сергектікке баулу, қазақтың ұлттық ойындарын білуге деген құштарлығын арттыру үшін ойын түрлері көп.

Солардың ішінде ұмыт бола жаздаған ойындардың бірі - БЕСТЕМШЕ ойыны. Санадан өшіп, ұмыт бола жаздаса да, бүгінде балабақша мен мектеп жасындағы балаларға бұл ойын түрі қайта жаңғырып, бала санасына құйылуда.

Төрт мың жылдық тарихы бар ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ойынына ұқсас бес таспен ойналатын БЕСТЕМШЕ ұлттық ойыны.

Бұл ойын бестемше деп аталатын арнаулы тақтада ойналады. Бұл ойынды екі ойыншы ойнайды. Әр ойыншыға БЕС ОТАУ және бір-бірден ҚАЗАН болады. Қазанға әр ойыншы ұстап алған тастарын салады. Әр отауға бес тас салынады. Бес отаудың барлығы 25 тас болып екі ойыншыда барлығы 50 тас ойналады.

Бұл ұлттық ойынымыздың мақсаты кішкентай балалардың қимыл-тірек жүйесінің мықты болып өсуіне, ширақ болуына және логикалық ойлауын дамытуға үлес қосу.

Бүгінде бестемше ойыны қайта жандануда. Тоғызқұмалақ ойынына ұқсас болғанымен, балаларға арналған амал-тәсілдермен жетілдірілген. Алаңдағы бестемше, магниттік бестемше деген түрлері пайда болған.

Бестемше балалардың ой-өрісін, зияткерлік-шығармашылық қабілеттері мен қол моторикасын дамытады. Ұлттық ойындарға деген қызығушылығын арттырып, рухани-адамгершілік қасиеттерін бойларына сіңіріп, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарға баулиды.


фото: sc0001.celinograd.aqmoedu.kz

Бестемше ойынының ережесі

Бестемше ойыны арнайы тақтада екі адам арасында ойналады. Ойын тақтасы – 2 қазан, 10 отау, 50 құмалақтан (тас) тұрады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан, бес отау және 25 құмалақтан тиесілі. Құмалақтар әр отауға бес-бестен салынады. Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны – бастаушы, қарымта жүріс жасаған ойыншыны – қостаушы деп атайды.
Қостаушы қазаны
5 5 5 5 5
5 5 5 5 5
Бастаушы қазаны

Берілген диаграммаларда бастаушының отаулары мен ондағы құмалақтардың мөлшері үнемі төменгі жағында орналасады.


Жүріс жасау ерекшеліктері
Жүріс ойыншылар тарапынан кезектесіп жүріледі. Жүрісті кімнің жасайтыны жеребемен немесе қарсыластардың келісімімен анықталады.
Жүріс жасау үшін өз жағыңыздағы отаулардың бірінен бар құмалақты қолға алып, біреуін орнына қалдырып, солдан оңға қарай бір-бірлеп таратамыз. Тарату сәтінде құмалақтар өз отауларымыздан асып кететін болса, қарсыластың отауына таратамыз. Егер соңғы құмалақ қарсыластың тақ санды құмалағы бар отауына түсіп, ондағы құмалақты жұп қылса (2, 4, 6, 10, 12), сол отаудағы құмалақтар ұтып алынып, өз қазанымызға салынады. Егер соңғы құмалақ қарсыластың отауына түсіп, ондағы құмалақтың саны тақ болса немесе өз отауымызға түссе, құмалақ ұтып алынбайды.

Отаудағы жалғыз құмалақ көрші отауға жүргенде орны бос қалады.
Жүріс жасаған кезде отауларға құмалақ салмай немесе 2-3 құмалақты бөліп алып жүруге болмайды.


«Атсырау» ережесі

Ойын аяқталуға жақындаған сайын әр ойыншының отауларындағы құмалақтар таусыла бастайды. Әр құмалақ ұтып алынған сайын жүріс мөлшері кеми береді. Сондықтан ойын соңында қарсыластардың бірінің отауларында жүріс жасай алмайтын жағдай да кездеседі. Ойыншылардың бірінің отауларындағы құмалақты бірінші тауысып алып, жүріссіз қалуы – атсырау деп аталады.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

«Дастарханды БАСПА», «Дастарханды АТТАМА» деген тыйымның мәні бар


Келіннің бетін ОҚТАУмен немесе ҚАМШЫмен ашуда сыр бар ма?