Доңыз жылының алғашқы күндерінің өзінде Шардаралық спортшылардың қоржынына 4 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль салынды.
Бүгінде елімізде «Чемпиондар мекені» атанып кеткен Түркістан облысындағы шағалалы Шардара ауданының спортшылары жаңа жылды жеңіспен бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Қаңтар айының 4-6 күндері аралығында Түркістан қаласында Б.Саттарxанов спорт кешенінде таеквондодан 2002-2004-жылы туылған жасөспірімдер арасында Түркістан облысының іріктеу чемпионаты болып өтті.
Облыстың барлық аудандары мен қалаларынан қатысқан спортшылардың қатарында Түркістан облыстық №4 олимпиада резервінің мамандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спортшыларының мерейі үстем болды. Нақтырақ айтар болсақ, 49 келіде Дилиара Жолдасова, 55 келіде Исламбек Лаура, 68 келіде Данагүл Сатыбалды бірінші орынға көтеріліп, алтыннан алқа тағынса, 49 келі салмақта Алтынай Дәрменова, 52 келі салмақта Арайлым Турманова, 59 келі салмақта Есім Қуаныш күміс медальға ие болып, екінші орынға табан тіреді. Ал, 55 келі салмақта бағын сынаған Ақнұр Абзалқызы, 59 келі салмақта Нурила Базарбай мен 78+ келі салмақта Орынтай Дәрменовтерге қола медаль бұйырып, Талдықорған қаласында өтетін ел біріншілігіне жолдамалар берілді.
Қаңтар айының 8-10-күндері аралығында Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында қазақ күресінен 2004-2005 жылы туылған жасөспірімдер арасында өткен облыстық чемпионатта Шардаралық Бексұлтан Құлмырза 66 келі салмақта чемпион атанса, 73 келіде Ақылбек Мекенбай күміс алқаға қол жеткізді.