Спорттық жарыстар 19-26 маусым аралығында Шымкент қаласындағы спорт кешендерінде өтеді.
иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден
Шымкент қаласында БАҚ өкілдері арасында спартакиада өтеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Спорттық жарыс Шымкент қаласында тіркелген бұқаралық ақпарат құралдары мен баспа мекемелерінің қызметкерлері арасында мынадай мақсатпен өткізіледі:
- Қазақстан Республикасы Президентінің салауатты өмір салтын және бұқаралық спортты дамыту жөніндегі жолдауын іске асыру;
- Халықтың бұқаралық спортпен шұғылдануына жағдай жасау;
- Бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері арасында насихаттау.
Спорттық жарысқа Шымкент қаласында тіркелген бұқаралық ақпарат құралдары мен баспа мекемелерінен құрылған бір команда немесе бірнеше БАҚ өкілдерінен құрылған команда қатысуына болады.
Осы ереженің бұзылғаны немесе командаға сырттан адам алынғаны туралы жарысқа қатысушылар арызданған жағдайда арнайы құрылған ақылдастар алқасының шешімімен ойыншы ойыннан шығарылады немесе команда аластатылады.
Командалар жарысқа өтініште көрсетілген мәліметтерге сәйкес қатысады. Спартакиадаға қатысатын командаларда бірыңғай спорт формасы болу керек. Спартакиадаға қатысатын ойыншыға дәрігерлік тексерістен өту міндеттеледі.
Жарысқа қатысу үшін мандат комиссиясының отырысына келесі құжаттар тапсырылады:
– Кадрлық қызмет куәландырған, дәрігердің рұқсаты берілген әр спорт түрі бойынша бөлек делегацияның толық құрамына сандық және атаулы өтініштің түпнұсқасы (№ 1 мен № 2 қосымша). Мандат комиссиясы жарыстан бір күн бұрын өтеді. Мандат комиссиясына өтініш түпнұсқаларын тапсырмаған команда жарысқа жіберілмейді.
Спорттық жарыстың қорытындысы төмендегідей:
1. Команда қатысушыларының арасындағы жалпыкомандалық орындар.
2. Әрбір спорт түрі бойынша жеке орындар.
Спорттық жарыс, жалпыкомандалық жүлделі орын барлық спорт түрлері бойынша жиналған жоғары ұпай санымен анықталады.
Жарыс шартына сай қатысушы не команда келмей, жарысқа қатыспаған жағдайда, командаға ұпай берілмейді. Ұпай саны тең болған жағдайда бірінші орын ұпай саны артық командаға беріледі.
Спорттық жарыстар 19-26 маусым аралығында Шымкент қаласындағы спорт кешендерінде өтеді. Әрбір спорт түрі бойынша оның уақыты мандаттық комисия отырысында белгіленеді.
Жарыстар 7 спорт түрінен өткізіледі. Қатысушылар шағын футболдан, волейболдан, арқан тартудан, шахматтан, боулингтен, бильярд және үстел теннисінен сайысқа түседі.