Токио-2020: Дархан Асаділов тарихи лицензияға қол жеткізді

0
725

Ол жүзден аса елден қатысқан 600 спортшының ішінен көш бастап отыр.


Токио-2020: Дархан Асаділов тарихи лицензияға қол жеткізді

ERNUR.KZ. Каратеден Қазақстан командасының үздігі Дархан Асаділов 2020 жылғы Токио Олимпиадасының жолдамасын иеленді, деп жазады Olympic.kz.

67 келіге дейінгі біріккен салмақ дәрежесінде сынға түсетін Дархан Олимпиада ойындарына мерзімінен бұрын лицензия ұтып алды. Төртжылдық додасына іріктеу кезеңінің аяқталуына әлі үш айдай уақыт пен бірнеше ірі жарыстың барына қарамастан, Асаділов Токио Олимпиадасына қатысу мүмкіндігін иеленіп отыр.

Себебі, олимпиадалық рейтингтің көш басында келе жатқан Дарханды жақын арада ешкім қуып жете алмайды. Бұл туралы Дубайда өткен финалдық кезеңнен кейін белгілі болды. Іріктеу кезеңінің ережесіне сәйкес, рейтингте алғашқы екі орынды иеленген спортшылар тікелей Токио Олимпиадасына лицензия алады.

Дархан Асаділов өткен жылы басталған іріктеу бәсекелерінің басым көпшілігінде жеңіске жетті. Атап айтар болсақ, Қазақстан командасының үздігі 11 Премьер-лига кезеңінің сегізінде жеңіске жеткен. Осылайша, ол жүзден аса елден қатысқан 600 спортшының ішінен көш бастап отыр.

Асаділов 67 келіге дейінгі біріккен салмақ дәрежесіндегі олимпиадалық рейтинг тізгінін өткен жылдың шілдесінен бері ешкімге ұстатқан емес. Қазіргі сәтте Дарханның еншісінде 9817.5 ұпай бар. Ал оның ізін басып келе жатқан италиялық Анджело Кречензода 7350, түркиялық Самдан Ерайда 6772.5 ұпай бар. Іріктеу кезеңіндегі қалған турнирлер Дархан үшін сәтсіз аяқталғанның өзінде, қарсыластардың қуып жетуі неғайбыл. Өйткені, Асаділов басты қарсыластарынан қара үзіп кеткен.

Каратенің Олимпиадаға бағдарламасына алғаш рет енгізіліп отырғанын ескерсек, Дарханның бұл жетістігі тарихта қалатыны сөзсіз.

«Бұл оқиғаға баға беру де қиын. 2016 жылы ХОК каратенің Олимпиада бағдарламасына енгенін хабарлады. Ал 2020 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама алудың мұншалықты қиын болады деп біз ойламаған едік. Алайда, Дархан біз артқан үмітті ақтап, әлемдік және олимпиадалық рейтингте бірінші орынға шығып, мерзімінен бұрын лицензия жеңіп алды. Бұл біздің алғашқы қарлығашымыз. Асаділовтің бұл жеңісі команданың өзге мүшелерін қанаттандырып, жолдама алсам деген жігерін жани түсетіні сөзсіз», - дейді Қазақстан командасының бас бапкері Жасталап Санауов.

Айта кетелік, әзірге Қазақстан қоржынында спорттың 15 түрінен 29 жолдама бар.