«Торпедо» қытайлықтардың тас-талқанын шығарды

0
977

Осы жеңісінің арқасында 29 ұпайға ие болған өскемендік ұжым турнир кестесінің 14-ші сатысына көтерілді.


«Торпедо» қытайлықтардың тас-талқанын шығарды

ERNUR.KZ. «Торпедо» қытайларды талқандады. Жоғары хоккей лигасы тұрақты чемпионатының кезекті турында Мисхат Фахрутдинов шәкірттері өз айдынында бейжіңдік «КРС-ОЭРДЖИ» командасын қабылдап, ірі есеппен жеңіске жетті, деп жазады altaynews.kz.

Бұл кездесудегі есепті бірінші кезеңнің жетінші минутында «Торпедоның» шабуылшысы Евгений Белухин ашты. Тағы екі минуттан кейін команда капитаны Александр Шин есепті еселеді. 14-ші минутта қонақтар бір шайбамен жауап қатқанымен, арада бір минут өтпей жатып айдын иелері есепті 3:1-ге жеткізді. Нәтижелі соққының авторы – қорғаушы Николай Глухов.

Үзілістен кейін өскемендік хоккейшілер қарсылас қақпасын тағы төрт мәрте дәл көздеп, есепті 7:1-ге жеткізді. Бірақ, торпедолықтар бұған да қанағат қылған жоқ. Соңғы жиырмаминуттықта қытайлық команданың қақпасында тағы бір шайба тулады. Бұған әбден есеңгіреген қонақтар екі-ақ дәл соққымен жауап қайыра алды. Қорытынды есеп 8:3 «Торпедо» пайдасына.

Бірінші кезеңде көзге түскен хоккейшілерден бөлек бұл ойында Аркадий Шестаков, Талғат Жайлауов, Никита Куракин мен Андрей Белозеровтың қанжығасы майланғанын айта кету керек. Тағы бір шайбаны бірінші жиырмаминуттықта нәтижелі соққы жасаған Николай Глухов соқты.

Осы жеңісінің арқасында 29 ұпайға ие болған өскемендік ұжым турнир кестесінің 14-ші сатысына көтерілді.
Ертең жерлестеріміз өз айдынында тағы бір қытайлық команда цзилиньдік «Ценг Тоуды» қабылдайды. Ойынның басталуы кешкі сағат 18:30-да.