Есенбек Сиғуатов бір апта бұрын 18-ге толды.
ERNUR.KZ. Грэпплингтен Азия чемпионы Есенбек Сиғуатов қаза тапты, деп жазады Stan.kz.
9 тамызға қараған түні қала маңындағы Дамба мен Құрманғазы ауылдарының маңында бірнеше жігіттің арасында төбелес болған. Нәтижесінде төбелес кезінде белгілі атыраулық спортшы көз жұмды.
Ол оқ жарақатынан қаза тапқан. Есенбек Сиғуатов бір апта бұрын 18-ге толды.
Бұл туралы облыстық спорт басқармасы әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жазба қалдырып, өрімдей жас спортшының туғандарына қайғыра көңіл айтты.
Көңіл айтамыз.
"Талантты жас спортшы, грепплинг, қоян-қолтық ұрыс және джиу-джитсу күрестерінен Атырау облысы құрама командасының мүшесі, жасөспірімдер арасында әлем және Азия чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы Сиғуатов Есенбек Тоқсанбайұлының мезгілсіз қаза болуына байланысты Атырау облысы спорттық қоғамы атынан марқұмның отбасы, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Салауатты өмір салтын бойына серік етіп, жас та болса әлемдік додаларда облысымыздың, қала берді еліміздің намысын абыроймен қорғаған өреніміздің қазасы туралы қаралы хабар қабырғамызды қайыстырды. Жаратушы Иеміз Алла алдынан жарылқасын. Спортшымыздың жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды", - деп жазды спорт басқармасы.
Атырау облысының полиция басқармасы бұл туралы әлі түсінік берген жоқ. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, келесі күні Дамбеде полиция рейд жасалған.