"Мұнарлан" тобының экс-мүшесі Бағлан Жолдасов қандай жаңалығымен бөлісті?
Талай хит әндерімен көпшіліктің жүрегіне жол тартқан "Мұнарлан" тобының экс-мүшесі Бағлан Жолдасов жігіттерден неге бөлініп кетті? Жеке орындаушылыққа кетуіне түрткі болған қандай жағдай? Ойда жүрген сұрақтарымызға тұщымды жауап алу мақсатында өзіне хабарласып, білген болатынбыз.
- Өнер деген қайнап тұрған қазанның ортасында жүрсіз. Шығармашылығыңыздан бастайықшы. Нендей жаңалықтарыңыз бар?
- Әзірге ауыз толтырып айтатындай ешқандай жаңалық жоқ. Кино саласына көбірек көңіл бөлемін деп музыкалық шығармашылығымда үлкен үзіліс болды. Бірақ, екі әнім дәл қазіргі уақытта өңделуде, толықтырылып жазылып жатыр. Жарыққа шыққан соң міндетті түрде өз әлеуметтік желідегі парақшаларымда, сайттарда бөлісетін боламын қуанышты жаңалықпен. Тыңдармандарыма ұнап, сәтті шығып жатса, әрі қарай бейнебаян түсіру де ойда бар. Көпшіліктің неге жаңа әндер жарыққа шықпай кетті деген сөздері де ықпал етіп жатыр. Барша музыкалық шығармашылығым үшін уайымдап, іздейтіндерге үлкен рақметімді айтамын.
- Сізді көпшілік "Мұнарлан" тобының экс-солисті ретінде таниды. Сізді көре қалса, ел бірден Мұнарлан дейді. Бұл да болса сіздің сол топқа қалдырған ізіңіз болар. Алайда, соңғы кездері топтың жігіттерімен бірге байқамай жүрміз. Араларыңызда бәрі дұрыс па?
- Топтағы жігіттермен қарым-қөатынасымыз дұрыс. Ешқандай да арамыз суыған жоқ. Мен топтан кетпес бұрын, алдағымды жоспарлап, жігіттерге алдын ала ескертіп қойған болатынмын. Менің орныма жігіт тапқанша мен топтан шықпаймын, "Мұнарланға" жаңа солист келгеннен бастап жеке кететінімді ескерткенмін. Осы уақытқа дейін арамызда кикілжің немесе түсініспеушілік болған жоқ. Әлеуметтік желіде "Мұнарлан" деген арнайы чатымыз бар. Сол арқылы хат-хабар алмасып, жағдай сұрасып тұрамыз. Негізі, біразы қазір өнерде емес, басқа салаға кеткендер бар. Дегенмен, арамыз суыған емес.
- Топта ән айту жеке орындаудан қарағанда жеңіл болады деседі. Сіз қалай ойлайсыз? Келісесіз бе осы пікірмен?
- Топта ән айту, жеке орындаудан жеңіл болмайды, мен ол пікірмен келіспеймін. Мәселен, топта төрт адам болатын болса, әннің төрттен бірін ғана орындайсың. Ал жеке орындаушы болсаң бір әнді бастан-аяқ жалғыз орындап шығасың ғой. Мүмкін әннің аз бөлігін айтқан жеңіл деп ойлағаннан туындаған пікір шығар. Топта ән айтып жүрген жігіттер мен қыздар осы жерде мені қолдайды деп ойлаймын.Топпен жұмыс жасау,топта ән айту жеке орындаудан қиынырақ болмаса, жеңіл емес. Өйткені, топта бэк-вокал деген бар. Бек-вокалды қалыпты ұстап тұру үшін ансамбльді сезіне білуің керек. Ал, жеке орындаушыға қойылатын талап - әннің әуезін бойына сіңіріп, мәтінін толықтай түсініп, соны халыққа әдемі жеткізу. Ал топқа келетін болсақ, әнді кімнен соң кім айтады, партетура (шығармадағы барлық дауыстардың бір нотаға түсірілген түрі) сызу деген бар. Мәселен, қарапайым дәрігер немесе қара жұмысшы караокеге барып әнді ырғақпен бір қалыпты ұстап айта береді. Ал ол жерде кез келген адам бэк-вокалды ұстап тұра алмайды. Осы қағидалар топқа міндеттелгеннен кейін мен ойлаймын, топта ән айту керісінше қиынырақ болуы мүмкін.
- Соңғы кездері отандық телехикаялардан байқап жүрміз сізді. Киноға түсуге шақырту жиі түсіп тұра ма?
- Киноларға шақыртулар алып тұрамын, Түрлі продакшндер бар, кастинг директорлары немесе көмекшілері хабарласып, ұсыныс білдіріп жатады. Алдыңғы киноларға түскендерімді көріп, қызығушылығы оянып, хабарласатын болу керек. Енді, оларға да кино саласынан хабары бар, тәжірибеден сыналған әртістер болғаны жақсы ғой. Бізде көпшілікпен бірге кастингке барып, видео-сынамадан өтеміз. Көпшілік ойлауы мүмкін, "бұл танымал жандарға рахат, кастингсіз-ақ тіке өтіп кетеді" деп. Жоқ, біз де кастингке қатысамыз, сынақтан өтеміз.
- Қандай жанрдағы кинолар сіздің жаныңызға жақын немесе табиғатыңызға сай келеді? "Мына рөлді алдағы уақытта сомдағым келеді" деп нақтылай айта аласыз ба?
- Дәл осы жанр жаныма жақын деп кесіп айта алмаймын. Негізінен жан-жақты түрлі жанрларға түсіп көргім келеді. Өзімнің тәжірибем үшін де, өзім үшін де қызық, негізі. Бірақ, айта кетер болсам, бұзықтау жігіттің образы табиғатыма жақындау. Соңғы кездері дәл осы образдағы кейіпкерді сомдауға ұсыныстар көп түсіп жүр. Менің ойымша, жақсы адамның рөлінде болу оңай, ал, жағымсыз кейіпкерді сомдау күрделірек. Ерекше типтегі, яғни маскүнем немесе жүйкесі тозған кейіпкерді сомдау кез-келген актердің мүмкіндігін көрсетіп қана қоймай, тәжірибесі шыңдала түседі. Сондықтан, осы секілді қызықты рөл бұйырса, бас тартпас едім.
- Ал қандай кейіпкерді сомдаудан мүлдем бас тартуыңыз мүмкін? Жалпы, ұсынысты кері қайтаруыңыз мүмкін бе?
- Егер ұсынылған рөл көңілімнен шықпай тұрса, міндетті түрде түрде бас тартамын. Табиғатыма келмесе, өзіме жақпай тұрса, жазылған сценарий көңіліме қонбаса, осыларды біліп-сезіп тұрып тәуекелге барсаң, оның нәтижесі көпшілікті қуантпасы анық. Бір кадрлы эпизодтар мен массовкаларға да ұсынысты қабылдамаймын.
.
- "Бақытсыздар бағы" телехикаясындағы Руслан мен өмірдегі Бағланның ұқсас жерлері бар ма?
- "Бақытсыздар бағындағы" Руслан мен өмірдегі Бағланның ұқсас жерлері бар. Бірақ, дәл қай мінезі екені құпия болып қалсын...(күліп)
- Жасыратын несі бар, әншілердің көпшілігі тойдан нан тауып, тойдың әнін іздеп кеткен. Осы тұрғыда не дейсіз?
- Той-бизнеске көзқарасым оң, негізі. Алайда соңғы кездері тойға арнайы жазылған әндердің сахнаға, экранға шығып жатқаны қиын. Менің ойым - тойдың әндері тек тойда айтылса екен деймін. Сахнаға тың туындыларымен, жүректі тербер, есті әндерімен шығып, халықты қуантқаны дұрыс деп білемін.
- Жақында ғана орын алған көпбалалы аналардың жанайқайын естіген боларсыз. Осы жағдайға байланысты ойыңызды айта кетіңізші?
- Көпбалалы аналарымыздың мемлекеттен көмек сұрап, бала-шағалары үшін шыққан зары орынды. Себебі, мемлекеттің ең басты байлығы - халық. Халық санын көбейту мен балалардың білім деңгейін жоғарылату мақсат болса, аналарға қол ұшын беру керек деген ойдамын.
- Сізге саяси лауазым берді делік... Ең алдымен Бағлан Жолдасовтың әрекеті қандай болар еді? Нені өзгертер едіңіз?
- Саяси лауазым берер болса, мен алдымен жақсылап ойланар едім. Қай нәрселерді қозғау керек, қайсысын айтуда тілді тістеп қалу керек екенін сараптап алар едім. Мәселен, тіл мәселесі. Өзіміздің ана тіліміз - ақсап тұрған мәселелердің бірі. Көшеде қаракөз қарындастар мен жігіттер бір-бірімен орыс тілінде сөйлесіп тұрса, қынжылам. Немесе қазақша сөйлесең, түсінбегенсіп бадырая қарағаны менің намысыма тиеді. Осындай мәселені жақсылап қолға алған болар едім. Ең болмағанда, мейлі басқа тәжік, өзбек, татар деген сияқты ұлттарды қоспағанда, қаны қазақ бауырларымның бір-біріне деген сенімділігі артып, тілге жанашыр ұрпақ ретінде қалыптасуға көмегімізді берсек деген ниет қой. Қазақтар қазақша білмегеніне ұялатындай дәрежеге жетсе екен деймін. Өз ана тілінде сөйлеуді намыс көретін жас бауырларымыз да бар. Қолыма титтей де бір лауазым бұйырып жатса, егер тіл мәселесін бірінші көтеретін едім.
- Жауыр болған сұрақ болса да қойғым келіп тұр. Оны көпшілік те білгісі келетін болар. Шәкірт тәрбиелеу жоспарда бар ма?
- Шәкірт тәрбиелеу, кішігірім мектеп ашу деген өте жақсы. Алайда жаспарларымның арасында жоқ бұл мақсаттар. Бірақ, Алла бұйыртып жатса, бір жас өреннің дүниеге кірпіш болып қалануына себепші болсам, менің қуанышымда шек болмаушы еді. Дегенмен, бұл жәй талабы бар жас баланың арқасынан қағып қана қоймай, оны өз жауапкершілігіңе алып, қолдап, сол баламен бірге дем алып, сонымен соңына дейін жұмыс жасау керек деген сөз. Мен шәкірт тәрбиелей салайын деп бей-жай қарайтын нәрсе емес. Сондықтан да, шәкірт тәрбиелеймін деп біреудің тағдырына балта шауып алуым мүмкін. Ашығын айтайын, әзірге ұстаздыққа дайын емеспін.
- Сізге көп рахмет! Шығармашылық табыс тілейміз! Шабытыңыз шыңдала түссін!
- Сізге де рахмет!
Сұхбаттасқан: Гүлнұр Әмірәлі,